Қоғам

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Тайынша ауданында болды

Ең алдымен Ғауез Нұрмұхамбетов жергілікті «ТамызАгроИнвест» серіктестігінің жұмысымен танысты. Агроқұрылымның жалпы егіс алқабы 45 мың гектарды құрайды. Оның 30 мың гектардан астамына дәнді дақылдар себілген. Қалған алқапта майлы және бұршақты дақылдар өсіріледі. Қазір шаруашылықта жиын-терім жұмыстары қызу жүріп жатыр. Орташа өнімділік гектарына – 15 центнер.

НҰРЛАН АСАНҚҰЛОВ, серіктестік директоры, Тайынша ауданы:
– “Біз шамамен 55 мың тонна астықты қамбаға басып үлгердік. Орақ науқанын аяқтауға аз қалды. Өнімділік жаман емес. Бізде 3 бірдей бөлімше бар. Олар Мироновка, Подлесное, Новодворовка ауылдарында орналасқан. Техникамызға келер болсақ, 25 трактор мен 38 комбайн бар. Барлығы ақаусыз жұмыс істеп тұр”.

Жиым-терім науқаны кезінде элеваторлардың жұмысы да жандана түседі. Аудандағы «Элеватор Тайынша» серіктестігі астық қабылдауға сақадай сай. Кәсіпорын 1961 жылы пайдалануға берілген. Оның жалпы сыйымдылығы – 118 мың тонна. Мұнда астықты қабылдау, өлшеу, кептіру, тазалау, сақтау және жөнелту жұмыстары атқарылады. Қазір кәсіпорында 80 адам еңбек етеді. Облыс әкімі элеватордың жұмысшыларымен кездесіп, олардың еңбек жағдайы мен еңбекақыға қатысты ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Орақ науқаны «Vishnevskoye GCK» ЖШС де қарқынды жүріп жатыр. Агроқұрылымның жалпы егіс алқабы – 25 мың гектар. Шаруашылық дәнді және бұршақты дақылдарды толық жинап үлгерген. Қазір мұнда майлы дақылдар орылып жатыр. Науқанға 16 комбайн жұмылдырылған.

ПАВЕЛ РАФАЛЬСКИЙ, серіктестік директоры, Тайынша ауданы:
– “Бидайдың түсімділігі гектарына 19 центнерден асты. Дәнді дақылдарды жинау жұмыстары аяқталды. Қазір зығыр жинауға кірістік, оның түсімі әзірге гектарына шамамен 10-11 центнерді құрап отыр. Ауа райының қолайсыздығы, әсіресе дәннің толысу кезеңіндегі аптап ыстық өнімнің толыққанды пісіп-жетілуіне мүмкіндік бермеді. Дегенмен, егін жинау жұмыстарын қыркүйек айының соңына дейін аяқтаймыз деп үміттенеміз”.

Бұдан кейін өңір жетекшісі «Дашка-Николаевка СК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Мұнда орақ науқанының 70 пайызы аяқталған. Дәнді дақылдар толық жиналып, қамбаға жөнелтілген. Қазір шаруашылықта 2 мың гектардан астам майлы дақылды жинау жұмыстары қалған. Облыс әкімі аграрийлермен кездесіп қана қоймай, егіс алқабындағы техниканың жұмысын да бағамдады. Тіпті комбайн тізгініне отырып, оның мүмкіндігін сынап көрді. Жұмыс сапары барысында Ғауез Торсанұлы жасымық жармасын өндіру жобасының жүзеге асырылу барысымен де танысты. Құны 1,5 миллиард теңге болатын жоба жылына 70 мың тоннаға дейін дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді. Нысан Түркияда өндірілген заманауи технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Жалпы облыс бойынша дәнді дақылдардың шамамен 52 пайызы жиналды. Қазіргі таңда орташа түсімділік гектарына 15,3 центнерді құрап отыр. Ал Тайынша ауданында орақ науқанының қарқыны жоғары. Мұнда дәнді дақылдардың 72 пайызы орылды.

Жансая Дербисова