Спорт

“Қызылжар” ФК тағы да жеңілді

Футболдан Қазақстан чемпионатының 25-туры аясында петропавлдық “Қызылжар” “Қарасай” стадионында “Атырау” клубын қабылдады. Ойынның алғашқы минуттарынан-ақ қос команда футболшылары есеп ашуға тырысты. Алаң иелерінің басымдығы сезілді. Жергілікті жігіттер қарсылас команданың қақпасы тұсында бірнеше мәрте қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Дегенмен, сәттілік серік болмады. Осылайша бірінші тайм 0 де 0 есебімен аяқталды. Екінші кезеңде ойын қыза түсті. Қос тарап алма-кезек шабуылға шығып, бір-бірінің апшысын қуыруға тырысты. Өкінішке қарай, кездесудің негізгі уақыты аяқталуға санаулы минут қалғанда қонақтар есеп ашып кетті. Гол авторы – Риливан Ойнидамола Рабиу. “Қызылжар” клубы қатарынан 2-ші ойында жеңіліс тапты. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін петропавлдықтар сырт алаңда “Ордабасыға” 0 де 3 есебімен ұтылған еді. Қазіргі таңда петропавлдық ұжым турнирлік кестеде 12-ші орында тұр. Теріскейліктер ендігі матчты Астанада “Жеңіс” клубына қарсы өткізеді.

Улан Ыдырыс