Қоғам

“Құлагер” ХК 4 жеңіске қол жеткізді

Петропавлдық “Құлагер” өзінің жеңісті сериясын жалғастырып келеді. Демалыс күндері жергілікті имек таяқ шеберлері атыраулық “Бейбарысты” қабылдады. Бірінші кездесуде “Құлагер” 4:3 есебімен қарсыластан басым түсті. Шешуші екі шайба 3-ші кезеңде соғылды. Келесі ойында қос ұжым да сақ ойын көрсетті. Екінші жиырма минутта Денис Чапоров “Құлагерді” алға шығарды. Алайда, араға 3 минут салып қонақтар есепті теңестірді. Үшінші кезеңде қарсыластар қақпадан саңылау таппады. Ойын қосымша уақытта өрбіді, мұнда жеңімпаз анықталмаған соң, матч тағдыры булиттер сериясында шешілді. Қорытынды есеп – 2:1. “Құлагер” ХК осы маусымдағы 4-ші жеңісіне қол жеткізді. Қазіргі таңда теріскейлік хоккейшілер 8 ұпаймен көш басында тұр.

Улан Ыдырыс