Өңірге Жапониядан ғылыми делегация келді. Жұмыс сапары аясында ғалымдар көкөніс дақылдарының генетикалық ресурстарын іздеп, зерттеу бойынша бірлескен экспедициялық жұмыстар жүргізді. Мамандар жергілікті, дәстүрлі және жабайы өсімдік түрлерін, мәселен, пияз, сарымсақ, асқабақ және қырыққабат тұқымдастарына жататын дақылдарды зерделейді.
КАНУЦОРИ ТАНАКА, Хиросаки университеті қолданбалы биология және тағамтану кафедрасының доценті, Жапония:
– “Біз Қазақстанның биоалуантүрлілігін зерттеп, ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сұрыптарын шығару мақсатында келдік. Ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіп саласында тұрақты түрде түрлі ғылыми зерттеулер жүргізіп келеміз. Сапар барысында ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту, бірлескен зерттеулер жүргізу, халықаралық гранттық жобалар әзірлеу, студенттермен және ғалымдармен алмасу, сондай-ақ жапондық мамандарды жергілікті университеттің ғылыми жобаларына тарту мәселелерін талқыладық. Бұл сапар жекелеген ғылыми байланыстардан аграрлық ғылым саласындағы жүйелі халықаралық әріптестікке көшу жолындағы маңызды қадам болмақ”.
Ғалымдар ерекше құнды деп танылған тұқым түрлерін іріктейді. Жиналған үлгілер жақын уақытта құрылатын генетикалық банкке орналастырылады. Ал олардың бір бөлігі ауыл шаруашылығы дақылдарындағы жаңа гендерді анықтау мақсатында Жапонияға зерттеуге жіберіледі. Мұндай зерттеулердің ғылым үшін маңызы зор. Өсімдіктердің генетикалық алуантүрлілігі жаңа сұрыптар шығаруға, селекцияны дамытуға және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.
ӘЙІП ЫСҚАҚОВ, биология ғылымдарының докторы, Қазақ аграрлық академиясының академигі:
– “Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы институты Жапонияның үлкен аграрлық орталығымен көкөністердің тұқымын генетикалық ресурстарын зерттеу – 5 жылдық жоба бойынша келісімшартымыз бар. Биылғы жобаның мақсаты – солтүстік өңірдегі өсімдіктердің тұқымдары қалай өсіріліп жатқанын, жабайы табиғатта қандай ресурстары бар екенін зерттеу. Ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Қазіргі кезде жасанды интеллект, цифрландыру жағынан жүйеге қалай ендіреміз, ұлан-ғайыр табиғаттағы ресурстарымызды осы заманауи технологиялар арқасында әрі қарай қандай жұмыстар атқаратынымыз жайлы бүгін әңгімелер жүргіздік”.
Жапонияның Ұлттық ауыл шаруашылығы, азық-түлік зерттеулері ұйымы мен Хиросаки университетінің өкілдері бұған дейін Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі өсімдіктермен танысқан. Сондай-ақ, облыстың Айыртау және Есіл аудандарын, Ақмола аймағының бірқатар ауданын аралаған. Енді ғалымдар Мамлют ауданының биоалуантүрлілігін зерттемек.
Аружан Султанова