Қоғам

Петропавлда облыстық ата-аналар жиналысы өтті

Баланың ең алғашқы тәрбиешісі де, жақын қорғаушысы да – ата-ана. Ал оның құқықтық сауаты мен қауіпсіздігіне жауапкершілік ең алдымен отбасында қалыптасады. Осы бағыттағы жұмысты күшейту мақсатында Петропавлда ата-аналарға арналған жиын өтті. Басқосуда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, балалардың заңды мүдделерін қорғау және ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайту мәселелері талқыланды.

ДӘУРЕН ЕРЖАНОВ, СҚО прокурорының орынбасары:
– Біз ата-аналарды бірлесе отырып, жасөспірімдерге қатысты қылмыстардың алдын алуға және олардың қылмыс жасауына жол бермеуге шақырамыз. Бұл іс шара “Заң және тәртіп” тұжырымдамасы аясында өткізіліп отыр. Мұндай кездесулер өз нәтижесін береді деп ойлаймын.

Бүгінде республика бойынша 100-ден астам жасөспірім жазасын өтеуде. Оның 8-і – қыз бала. Кездесу барысында ата-аналарға нақты мысалдар мен бейнематериалдар ұсынылды. Жазасын өтеп жатқандар өз өміріндегі оқиғалармен бөлісті. Олардың әңгімесі баланың бір ғана қате шешімі болашаққа кері әсер етуі мүмкін екенін көрсетуге бағытталды.

ГҮЛӘЙІМ ПОНОМАРЕВА, ата-ана:
– “Менің 2 қызым да жоғары сыныпта оқиды. Ата-ана ретінде олардың қауіпсіздігіне әрдайым алаңдаймын. Балаларыммен жиі сөйлесіп, қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызын түсіндіремін. Осындай кездесулердің біз үшін маңызы зор. Жиында айтылған ақпаратты балаларымызбен бөлісіп, ақыл-кеңес айтып отырамын”.

Мамандардың айтуынша биыл қылмыскерлердің әрекетінен 70-тен астам кәмелетке толмаған зардап шеккен. Ал жасөспірімдердің өздері 25 қылмыс жасаған. Бұл сандар бала қауіпсіздігіне, жүріс-тұрысына бейжай қарауға болмайтынын көрсетеді. Жасөспірімдердің әр қадамына назар аударып, дұрыс бағыт-бағдар беру – ең алдымен ата-ананың жауапкершілігі.

Жансая Дербисова