Қоғам

Көкжөтелден тиімді қорғаныс – екпе алу

АРУЖАН СҰЛТАНОВА, тілші
– “Күз келіп, ауа райы өзгерді. Күндіз күн сәулесін сезіп жылынғанымызбен, таңда және кешке жұқа киіммен жүрсек, жаурап қаламыз. Пәтерлерге де әлі жылу берілген жоқ. Бұл кезеңде маусымдық аурулар асқынады. Соның бірі – көкжөтел”.

Көкжөтел – жедел респираторлық бактериялық инфекция. Әсіресе кішкентай балалар үшін қауіпті. Бастапқыда жеңіл жөтел уақыт өте ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Өкпе қабынады, ми зақымданады. Ауру вакцина алмаған адамға оңай жұғады. Егер науқас көпшілік арасында жөтелсе, түшкірсе немесе жақын тұрып сөйлессе, індет сау кісілерге ауа-тамшы жолы арқылы таралып кетеді.

ГҮЛИДА ЖӘКЕЕВА, СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы:
–  “Ағымдағы жылдың басынан бері – 8 ай ішінде облыста көкжөтелдің зертханалық жолмен расталған 4 жағдайы тіркелді. Ауру қаңтар, ақпан және наурыз айларында тіркелген. 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, аурушаңдық көрсеткіші 5 есеге төмендегені байқалады. Былтыр 23 жағдай тіркелген. Барлығы 1 жасқа дейінгі балалар екені мәлім”.

Көкжөтелден жас аналар мен сәбилер аса сақ болу керек. Аталған инфекцияны нәрестелер алғашқы айларында өте ауыр өткереді. Ауруды бірден анықтау да мүмкін емес. Балада кәдімгі тұмауға ұқсас белгілер пайда болады. Мәселен, мұрыннан су ағады, дене қызуы көтеріледі, жеңіл жөтел байқалады. Бұның ерте алдын алу керек. Ал тосқауыл қоюдың бірден-бір жолы – екпе алу. Дәрігерлер адамдар өзін-өзі емдеумен айналыспау керектігін ескертеді. Әсіресе, сәбилерді дәрігердің нұсқауынсыз емдеуге болмайды. Бұл ауруды одан сайын асқындыруы мүмкін.

Аружан Султанова