Петропавлдағы Қарттар үйінде 5-ші қыркүйек – Халықаралық қайырымдылық күніне орай концерт ұйымдастырылды. Мұнда қазір жақындарының жылуына мұқтаж 120-ға жуық зейнеткер тұрады. Оларға бүгін белсенді жандар мейірім сыйлады.
ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
– “Бүгін “Жан жылуын сыйлаймыз” атты кеш өткізіп отырмыз. Шараны СҚО бойынша «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігімен бірлесе ұйымдастырдық. Кеште осы бірлестікке мүшелік ететін жерлестеріміз өнер көрсетеді. Қариялардың көңілін бір сәтке болсын аулағымыз келеді”.
Қарттық келгенде жалғыз қалған жандардың еңсесін өнерпаздар тіктеді. Олардың көру қабілеті нашар болса да жанарларында үміттің оты сөне бастаған қарттардың жүрегіне жылу дарытты. Жиналғандар бірлесе ән салды, би биледі.
ГҮЛМИРА ЖҮНІСОВА, СҚО бойынша «Қазақ зағиптар қоғамы» ҚБ мүгедектігі бар адамдармен жұмыс жөніндегі маманы:
– “Біз «Қазақ зағиптар қоғамынан» қонаққа келіп тұрмыз. Концерт дайындап әкелдік. Біздің репертуардағы әндер баянмен орындалады, қарттардың көңілінен шығып жатыр”.
Жалғыздық, созылмалы аурулар мен арнайы медициналық күтімнің қажеттілігі – қариялардың Қарттар үйіне орналасуына түрткі болатын басты себептер. Өкінішке орай, отбасылық түсініспеушіліктердің де салдарынан зейнеткерлер осы жерді паналауға мәжбүр.