Қоғам

Ана тілім – асыл қазынам

5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні. Бұл күн ұлт ұстазы, қазақтың көрнекті ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Алаш қайраткері бар ғұмырын қазақ тілінің дамуы арнаған. Осы ретте Иван Шухов атындағы орталық қалалық кітапханада “Ана тілім – асыл қазынам” атты танымдық кездесу кеші өтті. Оның барысында ана тілдің ұлт болмысын сақтаудағы маңызы жайлы айтылды. Алқалы жиынды “Sana” әдеби музыкалық клубы ұйымдастырып отыр.

АЛТЫНАЙ СЫЗДЫҚОВА, И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапхананың қызметкері:
– Қазақ тілінің тарихын, байлығы мен рухани құндылығын сақтау мақсатында іс-шараны ұйымдастырып отырмыз. Кездесу кешіне зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушыларды шақырдық. Бұдан бөлек, көрермен ретінде оқушылар мен студенттер де келді”.

Қазіргі таңда “Sana” әдеби музыкалық клубына 30-дан астам адам мүшелік етеді. Құрылғанына 5 жыл болған бірлестікте Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Самрат Құскенов те бар. Ақынның сөзінше, ұлттық болмысты сақтауда ана тіліміз ең басты рөл атқарады.

САМРАТ ҚҰСКЕНОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:
– “Кез келген ұлттың діңгегі – тіл. Ол баршамызға белгілі. Сондықтан ұлттық болмысымызды сақтау мақсатында біз сөздік қорымызды байытуымыз керек”.

Кездесу барысында ана тілімізге арналған әндер шырқалып, өлеңдер оқылды. Сонымен қатар, іс-шара аясында “Туған тіл – тұғырым” атты кітап көрмесіне де шолу жасалды. Оқырмандарға жергілікті ақын-жазушылардың шығармалары ұсынылды.

Улан Ыдырыс