Биыл елімізде алғаш рет Қазақ тазысы мен төбеті күні атап өтілуде. Бұл – жеті қазынаның бірі саналатын жануардың қадір-қасиетін дәріптеу, асыл тұқымды ұлықтау мақсатында жария етілген күн. Тазы баптау – атадан балаға берілген дәстүр. Желмен жарысқан жүйріктің әр қимылынан еркіндіктің лебі сезіледі. Қырағы көзі, сымдай тартылған сымбаты – табиғи сұлулық. Саятшы Қобыланды Мұстафиннің қазақтың құмайын ұстап жүргеніне 10 жылдан асқан. Ол қансонарда итін аңға салса, ал жазда жарыстарға қатысады.
ҚОБЫЛАНДЫ МҰСТАФИН, тазы баптаушы:
– Тазы – қазаққа берілген құдайдың сыйы. Ол қайсар мінезді, алған бетінен қайтпайды. Қазіргі таңда тазыға ұқсас ағылшын иттері шығуда. Олардың тазыдан жылдамдығы басым болғанымен, қайсар емес.
Қайсарлығы қазақтың мінезімен сәйкес келетін тазыны сақтау, тұқымын тарату – әр Алаш баласының парызы. Қобыланды Мұстафин аталарының айтқанын жиі еске алады. Текті жануардың ашаршылық заманда аса пайдасы тиген. Ақылды әрі жүйрік иттер даладан аң аулап, ауылға әкеліп отырған.
НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ: тілші:
– Ата-бабамыз тазыны өте жақсы көрген. Ит кезінде киіз үйге емін-еркін кіре алған. Бұл оның тазалығын көрсетеді. «Тазы» атауы парсы тілінен енген екен, мағынасы – “шапшаң”, “епті” дегенді білдіреді.
ҚОБЫЛАНДЫ МҰСТАФИН, тазы баптаушы:
– Тазы ешқашан қалдық тамақты ішпейді. Иістеніп кеткен етті де жемейді. Үстін таза ұстайды.
Қазақтың тазысы мен төбетін күллі әлем біледі. Ерекше құрметпен қарайтын елдер аз емес. Мемлекет басшысының да тазыға деген ықыласы ерекше. Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы Франция Президентіне құмай сыйлады. Бейбітшіліктің символы саналатын қазынамыз екі елдің достығын нығайта түскендей.
Нурасыл Ахмет