Қоғам

Тарихи жаңалық: Мағжанның өлеңі шетелде алғаш Берлинде жарияланған

Алаштың маңдайына біткен алып тұлғасы Мағжанның өлеңі шетелде алғаш қай жылы және қай жерде жарық көргені анықталды. Анықтау оңайға соқпады. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова бақандай 15 жыл зерттеу жұмысын жүргізіп, еліміздің тарихына айтулы жаңалық әкелді. Тарихшымыз ақынға қатысты қылмыстық істі жіті қарастырған екен.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:
– Қылмыстық істе “1929 жыл, Берлин” деп жазылып тұрды. Нақты қандай баспада жарияланды? Мағжанның шығармасы неге бірінші Берлинде шықты? Іздеу жұмыстарын жүргіздік.

Түркістан автономиясының көрнекті жетекшілерінің бірі саналған Мұстафа Шоқайдың «Яш Түркістан» журналында Мағжанның “Түркістан” өлеңі арап қарпімен жазылыпты. Мұның барлығын Сәуле Мәлікова сонау Швейцариядан жолданған деректермен салыстыра келе тілге тиек етіп отыр.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:
– Оның журналдары Стамбұлда шыққан. Кейін Түркия басшылығы қысым көрсетеді. Осылайша журналды шығару жұмысы Берлинге ауыстырылған.

«Яш Түркістан» журналымен Мағжанның байланысы бірден үзілген жоқ. Араға жыл салып тағы бір туынды оқырманға жол тартты. Сол өлең Алаш баласының беделін Қара теңіз жағасында арттырды.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:
– Ал “Яш Түркістанның” 1930 жылғы нөмірінде Мағжанның “Алыстағы бауырыма” деген өлеңі жарияланған екен. Ол Түркиядағы азаттық қозғалысын және Ататүрікті қолдау өлеңі болды.

Шоқтығы биік Шоқайдың «Яш Түркістан» журналы 1936 жылға дейін шықты. Бүгінгі таңда бізге 117 нөмірі жарық көргені мәлім.

Байболат Култанов