“Ас – адамның арқауы” дегендей, балалардың денсаулығы мен сапалы білім алуында тамақтану маңызды рөл атқарады. Осы орайда мектептердегі асханалар талапқа сай жұмыс істеуі тиіс. Биыл бұл бағытта өзгеріс орын алды. Бүгінде оқушыларға ас-су әзірлеу және ұсыну жаңа стандарттарға сай жүргізіледі.
АЙГЕРІМ ІРГЕБАЕВА, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы:
– Жаңа мәзір құрастыру үшін арнайы зерттеу жүргізілді. Балаларға ұнайтын және ұнамайтын тағамдары салыстырдық. Тағамның міндетті түрде пайдалы болуына мән бердік. Жаңа мәзір білім және денсаулық сақтау басқармаларының бірлескен бұйрығымен бекітіліп, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестендірілді. Асханалардың жұмысы мен тағам сапасы қатаң бақылауда.
№29 жалпы білім беретін мектепте 830 оқушы білім алады. Соның 362-сі – бастауыш сынып оқушысы, 78-і – әлеуметтік осал топтағы балалар. Олардың күнделікті асын, азық-түлік сапасы мен қауіпсіздігіне енді мектептегі арнайы мамандар қадағалайтын болады. Бұл бағытта ата-аналардың да қатысуымен арнайы топтар жұмыс істейді.
РАХИЯ ҚОЖАНОВА, №29 жалпы білім беретін мектеп директорының орынбасары:
– Күнделікті бракераж комиссиясы асхананың тамақтану сапасын, азық-түлік калориясы мен теңгерімін тұрақты бақылауда ұстайды және ата-аналар өкілдерінен құралған мониторинг тобы да осы бағытта жұмыс атқарады. Осыған орай мектебіміздің ресми сайтындағы тамақтандыру бөліміне кіріп, ата-аналар асхана мәзірі мен тамақтандыру кестесін көре алады.
Күз мезгілі – ағзада дәрумендер жетіспеушілігі пайда болатын кезең. Осы орайда асхана мамандары балалардың жас ерекшелігін ескеріп, ағзаға қажетті қоректік заттарды толықтыру үшін арнайы мәзір құрайды.
АЙГҮЛ ТЕМІРБАЕВА, аға аспаз:
– Қазіргі тамақтану мәзірі жаз-күз мезгіліне арналып жасалған. Бұл уақытта балаларда дәрумендердің азаюы байқалады. Оларға апталық жоспар бойынша тағамдар дайындалды. Олар: ет, жемістер, көкеністер. Балаға қажетті А, В6, D және кальций дәрумендерін қамтиды. Жас ағзаға күш-қуат беретін тағамдарды пісіреміз.
Асханадағы жаңа мәзірден дәм татқан балалардың ойын сұрап білдік. Облыста барлығы 400-ден астам мектеп бар. Өңірде 32 мыңнан астам бала тегін тамақпен қамтамасыз етілген.
Жаннур Бектурганова