ЖАННҰР БЕКТҰРҒАНОВА, тілші:
– Электр желілерінің тозуы – өңірдегі негізгі мәселелердің бірі. Проблема біртіндеп шешілуде. Біз Қызылжар ауданындағы Белое ауылына келдік. Халық саны ұлғайып жатқан елді мекен маңында энергетиктер еңбек етуде. Оларға маңызды міндет жүктелген.
Бройлер құс фабрикасының қосалқы станциясынан бастау алған аралықтың атқаратын рөлі зор. 2 мың метр сым ауыстырылса жақын маңдағы Белое ауылында да жарық үзілмейді.
ВИКТОР ПАРХОЦЮК, “Солтүстік Қазақстан ЭТК” АҚ қызметкері:
– Атқарылатын жұмыс ауқымды. Бригада 2 шақырым сым, 12 баған мен оның траверстерін, 90 оқшаулағыш пен 3 желілік ажыратқышты ауыстырады. Сондай-ақ, желі бойын бей-берекет қаулап кеткен ағаш-бұталардан тазалап жатырмыз. Жаңа бағандар – отандық өнім, ал сымдар шетелден әкелінді.
Жөндеу жұмысына жұмылдырылған бригада құрамындағы білікті мамандардың бірі – Боқан Әбілев. Электромонтаждаушының айтуынша, жүктелген міндет жауапты. 2 шақырым сымды ауыстыруға 2 апта уақыт кетіпті.
БОҚАН ӘБІЛЕВ, “Солтүстік Қазақстан ЭТК” АҚ электрмонтаждаушысы:
– Қазір күрделі жөндеу болып отыр. Ескі сымдарды ауыстырып жатырмыз. Тірек, траверс және сым ауыстырылды. Екі аптадай жұмыс жүргізіп келеміз. Материал жеткілікті, техника бар.
Айта кететін жайт, учаскеге жақын орналасқан Белое ауылында жарық үзілген жоқ. Жоспар орындалысымен қызмет сапасы керісінше арта түспек. Солтүстік Қазақстан ЭТК-ға тиесілі жұмыстары облыс көлемінде жүріп жатыр. Барлығы – 146 шақырым әуе желісі, 125 шақырым 10 кВ-тық желі және 2 шақырым кабельдік желі жаңартылады. Қазір атқарылған іс – алдағы қыста тұрғындарды тұрақты қуатпен қамтудың кепілі.
Жаннур Бектурганова