Петропавлда қоғамдық тамақтану орындарында заңсыз еңбек еткен 2 шетелдік азамат анықталды. Көші-қон қызметінің мамандары рейд барысында олардың Қазақстанда жұмыс істеуге тиісті рұқсаты болмағанын мәлімдеді. Заңсыз еңбек еткендер Өзбекстан азаматтары болып шықты. Олар қоғамдық тамақтану орнында аспаз болып жұмыс істеген. Алайда, Қазақстанда жұмыс істеуге рұқсаты болмаған. Нәтижесінде заң талаптарын бұзған азаматтар мен оларды жұмысқа қабылдаған жұмыс беруші де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
СӘБИТ ЖҮСІПОВ, СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының қызметкері:
– Жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 1236 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 308-і заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырған. Сонымен қатар, шетел азаматтарын заңсыз жұмысқа қабылдаған 593 Қазақстан азаматы жауапкершілікке тартылды. 52 шетелдік ел аумағынан шығарылды. Айта кетейік, Қазақстанда еңбек ету үшін шетел азаматтарының тиісті құжаттары мен жұмыс істеуге рұқсаты болуы қажет.
Полиция қызметкерлері шетел азаматтарын Қазақстанда еңбек ету талаптарын сақтауға шақырады. Жұмыс берушілер де қызметкерді қызметке қабылдамас бұрын оның тиісті рұқсат құжаттарының бар-жоғын тексеруі тиіс.