“Зенченко и К” КС орақ науқаны күн-түн демей жүргізіліп жатыр. Биыл диқандар 38 мың гектар алқапқа дән сіңірді. Оның 20 мың гектарына дәнді дақылдар егілген. Қазіргі күні агроқұрылым өкілдері жиым-терім жұмыстарын 60 пайызға аяқтады. Бас агрономның сөзінше, қамба биыл да толады.
АЛЕКСАНДР ЮДАКОВ, “Зенченко и К” КС бас агрономы, Қызылжар ауданы:
– Орақ науқанына 28 комбайн қатысып жатыр. Тоқтаусыз еңбек етудеміз. Жұмыс кесте бойынша жүргізілуде. Ешқандай проблема жоқ. Тегеурінді техникаларымыз қатарда. Өнімділікке келсек, гектар берекелігі – 20 мен 30 центнердің аралығында. Кей алқаптардан 40 центнерден алудамыз.
Бондарев Евгений “Зенченко и К” КС жұмыс істеп келе жатқанына 30 жылға жуықтаған. Білікті механизатор биыл жаңа техникаға отырды. Техника жүгері алқабында тақтайдай тегіс жолдағы көліктей жүйткейді. “Мұржасынан” төгілген өнім маңдай термен келді.
ЕВГЕНИЙ БОНДАРЕВ, “Зенченко и К” КС бас агрономы, Қызылжар ауданы:
– Қазіргі күні жүгеріні сүрлемге жинаудамыз. Барлық жағдай жасалған. Техника жаңа, электроникасы көп, қуаты жоғары. Айырмашылық жер мен көктей. Жұмыс істеу әлдеқайда қолайлы. Кондиционері бар, көп дүниені техника өзі атқарып, жұмысты жеңілдетеді. Күніне 40-50 гектар алқапты жинап жатырмыз.
Алқаптардағы жағдай “Зенченко и К” КС бас директоры Геннадий Зенченкоға тұрақты түрде хабарланады. Білікті басшы науқанға әр факторды есепке ала отыра дайындалыпты. Биыл қар қалың түсті. Дегенмен, ақ ұлпа бірден еріп, танап құрғады. Осы кезде мамандар агротехникалық шараларға барынша көңіл бөліпті. “Темірді қызу кезінде соқ” дегендей, бүгінде диқандар мол астық жинауда.
ГЕННАДИЙ ЗЕНЧЕНКО, “Зенченко и К” КС бас директоры, Қызылжар ауданы:
– Өткен жылы рекордтық өнім жинадық. Биыл былтырғы межеге жетпесек те мол өнім жиналады деген болжам бар. Мемлекеттік қолдау мықты. Үкіметтен көрсетілетін демеудің ішінде ерекше атап өтетіні — аграрийлер көп жылдан бері сұрап келген ерте қаржыландыру. Қазір егіске және ораққа керек қаржыны желтоқсан айында алуға мүмкіндік бар. Соның арқасында маусымға тыңғылықты дайындала аламыз. Осы орайда Ауыл шаруашылығы министрінің үлесін айтуымыз керек.
Көп ұзамай диқандар майлы дақылдарды жинауға кіріседі. Рапс, зығыр сынды өнімдер жинауға жарап қалды.
Улан Ыдырыс