Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің Петропавл қаласындағы өкілдігін таңдаған жастарды солтүстікқазақстандық студенттер құшақ жая қарсы алды. Теріскейлік таланттар табалдырық аттаған ұл-қыздарға арнап кеш ұйымдастырды. Салтанатты шараға елордамызда орналасқан қара шаңырақтың ректоры Ғалым Ахмедьяров қатысты. Ол таудай талапты жастарға шығармашылық жолда биік белестерді бағындыруды тіледі. Бұл кешегі Ақандай серіміз ән салған, Үкілі Ыбырайдай сазгеріміз домбыра шерткен қасиетті өңірдегі сара жолдың бастауы. Осы жолда алғашқы қадамын Айсұлу Нұрділлә да жасады. Шырайлы Шымкенттің қызы солтүстікте білім алуды құп көріпті. Бірнеше күннің ішінде қаламызға, жаңа ортаға үйреніп кеткен.
АЙСҰЛУ НҰРДІЛЛӘ, Күләш Байсейітова атындағы ҚазҰӨУ Петропавл қаласындағы өкілдігінің студенті, Астана:
– Мен музыкалық драма және актерлік шеберлік факультетіне оқуға түстім. Петропавл қаласына алғаш рет келіп отырмын, бәрі ұнап жатыр. Манаш Қозыбаев университетін көріп, танысып жатырмын. Мұнда студенттерге жақсы жағдай жасалған, оқу бағдарламалары да көңілімнен шықты. Алдағы уақытта осы оқу орнынан сапалы білім аламын деп сенемін.
Жаңа өкілдікте студенттер 9 білім беру бағдарламасын оқиды. Мұнда сахна мен экранның сәнін келтіретін актерлер, құлақтың құрышын қандырар әншілер, туындысы таңдай қаққызар кино режиссерлері дайындалмақ. Әзірге сабақтар Қозыбаев университетінің базасында өтеді. Ал болашақта 600 студентке шақталған, заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған оқу корпусы бой көтермек. Сала өкілдерінің айтуынша жалпы бұл бастама алдағы уақытта теріскей өңірінде тапшы келетін өнер мамандарының қатарын толықтыруға зор ықпал етеді.
ГҮЛМИРА ҚҰТТЫБАДАМОВА, Күләш Байсейітова атындағы ҚазҰӨУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры:
– Оқытушылардың құрамына Солтүстік Қазақстан облысының ғана емес, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессорлары мен оқытушылары да енеді. Олардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, кинематографистер және суретшілер одағының мүшелері, “Дарын” жастар сыйлығының лауреаттары бар. Білікті мамандар өз тәжірибесімен бөліседі, болашақ өнер иелеріне тәлім береді.
Студенттер кеші концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Оның барысында жастарға арналып түрлі ойындар мен қызықты байқаулар да ұйымдастырылды. Мұндай бастама жастарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, жаңа оқу жылын сәтті бастауға жол ашты.