Қоғам

Сарбаздардың алғашқы легі ер міндетін орындауға аттанды

Елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны бастау алды. Оның барысында өңірден 500 жас жігіт Отан алдындағы борышты өтеуге аттанады.

ӘДІЛ МҰХАМБЕТОВ, СҚО бойынша қорғаныс департаменті бастығының орынбасары:
– Бүгін күзгі әскерге шақыру науқаны аясында болашақ сарбаздардың алғашқы легі Отан алдындағы борышты өтеуге аттанады. Ең бірінші сарбаздарды Шекара қызметіне жинаймыз, кейін жігіттерді Ұлттық ұланның әскери бөлімдеріне, содан соң ҚР Қарулы күштеріне жөнелтеміз. Барлығы кестеге сай өтуде. Болашақ сарбаздар мен олардың ата-аналарына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Бүгін болашақ сарбаздардың бірінші легі Зайсан қаласында орналасқан №2017 әскери бөліміне аттанды. Олар шығыстағы шекарамызды кірпік қақпай күзететін болады. Жоспар бойынша аталған бөлімге өңірден 35 адам жіберіледі.

АБЗАЛ ОРДАБАЕВ, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің ШҚО бойынша департаментінің әділет подполковнигі:
– Қазіргі таңда СҚО-дан 12 азаматты алып кетуге келіп тұрмын. Сарбаздарды іріктеп аламыз.

Медициналық тексерістен, сұхбаттасудан, арнайы тестілеуден өткен әскерге шақырылушының бірі – Александр Смелов. Батыл жігіт ер міндетін атқаруға өз қалауымен келген. Жақында оқуын тәмамдаған. Енді мақсаты – Отан алдындағы борышын абыроймен өтеу.

АЛЕКСАНДР СМЕЛОВ, әскерге шақырылушы:
– Жазда маған әскерге шақырту келді. Жақында Петропавл қаласындағы қорғаныс істері жөніндегі басқармаға барып, медициналық тексерістен өттім. Денсаулығым жақсы. Болашақта мемлекеттік қызметте жұмыс істегім келеді. Сол себепті, Отан алдындағы борышымды өтеуге аттанып барамын. Шекара қызметінде өтейтініме қуаныштымын.

Айта кетейік, биыл көктемгі әскерге шақыру науқанында 500-ге тарта азамат еліміздегі түрлі әскери бөлімдерге жөнелтілген еді.

Улан Ыдырыс