НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– Табиғи факторлардың әсерінен “Жеңіс” саябағы маңындағы Есіл өзенінің жағасы опырыла бастады. Бұл аталған аумақта демалатын тұрғындар үшін өте қауіпті. Қазіргі таңда болуы мүмкін жайсыз жайттардың алдын алу мақсатында жаға нығайтылып жатыр.
Жағаны нығайту жұмыстары өткен жылы басталды. Былтыр “Жеңіс” саябағынан “Солнечный” шипажайына дейін ұзындығы 300 метр болатын кәріз жүйесі тартылды және сорғы станциясы салынды. Ал биыл жарды тіреу түріндегі негізгі іс жүргізілуде. Мұның барлығына 658 млн теңге көлемінде қаржы бағытталған.
БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:
– Қазір мердігер мекеме жағалаудың опырылған және топырағы сырғыған бөліктерін нығайтып жатыр. Ол үшін болат шпунттар, швеллерлер, арнайы қалқандар мен геотор қолданылады. Одан кейін бұл жерлер топырақпен қайта толтырылады. Жүргізіліп жатқан жұмыстар өзен жағасының одан әрі бұзылуының алдын алып, маңайдағы инфрақұрылымды сақтап қалуға мүмкіндік болады.
“Жеңіс” саябағында күні-түні адамдар серуендейді. Мерекелерде халық саны артады. Әдемі көріністерді жаны сүйетін тұрғындар мен қонақтар сурет пен видеоға түсу үшін арнайы да барады. Оң мен солын білмейтін балалардың, тіпті ересектердің де өміріне қауіп төнуі мүмкін. Тұрғындар атқарылған жұмысқа оң баға беруде. Айта кету керек, маңызды жұмыс әлі жалғасады. Жоспар бойынша жағаны нығайту ісі келесі жылы аяқталады.
Нурасыл Ахмет