Клубтың тарихындағы алғашқы сапар! “Қызылжар” футбол клубының жасөспірімдері тұңғыш рет шетелге шығып, халықаралық додада өнер көрсетті. Болгарияда өткен “Evima Cup” турнирінде теріскейліктер ширек финалда сүрінген. Аталған жарыста ала доп десе ішер асын жерге қоятын балалар зор тәжірибе жинақтады. Бүгін Петропавлға оралып отыр. Болашақ жұлдыздарды жақындары күтіп алды.
Команда жаттықтырушыларының сөзінше, балалар Болгарияның климатына үйренісе алмаған. Сонымен қатар, табиғи алаңда ойнау да қиынға соғыпты. Осы факторлардың барлығы жоғары нәтиже көрсетуге кері әсер тигізген екен. Бұл әлі басы ғана. Команда алдағы уақытта толағай табысқа жетуді көздейді.
ЖАРҚЫН МҰҚЫШЕВ, “Қызылжар-2016” командасының бас жаттықтырушысы:
– “Қызылжар” ФК соңғы жылдары балалар футболына ерекше көңіл бөлінуде. Бізді керек-жарақпен қамтыды. 2013 жылғы жастар жуырда Черногорияға барады”. Еуропалық балалар физикалық жағынан мықты. Техникалары да өте жоғары деңгейде.
Команда жарыста жоғары нәтиже көрсету үшін барын салды. Ширек финалда жеңіске жетуге сынық сүйем ғана жетпей қалған. Бойда намыс бар ұландар елге жүлдемен қайтуды көздеді. Жеңілгенде көз жасына ерік бергендер де болды. “Қызылжар” футбол клубы жасөспірімдердің аталған турнирде өнер көрсетуі үшін бар жағдайды жасаған. Ұшақпен ұшу, қонақ үй, тамақтану. Осылардың барлығы төленіпті. Енді команда ел ішіндегі додаларда бақ сынамақ.
Нурасыл Ахмет