Айыртау ауданында бюджет қаражаты жымқырылған. Қазынаға қол салу жайтын СҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті майшаммен қарап жатыр. Жария етілген дерекке сүйенсек, 2017 жылы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын іске асыру аясында «Akcent KZ» серіктестігімен шарт жасасқан. Құжат аясында «Сырымбет» кен орнына дейін ішкі алаңдағы жол тармақтары мен инженерлік желілері бар теміржол кірме жолын салу қажет болған. Аталған маңызды істі жүргізу кезінде жүздеген миллион теңге қалтаға кетті деген күдік бар.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:
– Сырымбет» кен орнының өңір үшін стратегиялық маңызы бар. Ол – Қазақстандағы жалғыз әрі Орталық Азиядағы ең ірі қалайы кен орны. Мемлекеттік сатып алудың жалпы құны 1,4 млрд теңгені құрады. Бастапқыда құрылыс 2018 жылы аяқталады деп жоспарланған, алайда жобаны іске асыру мерзімі бірнеше рет ұзартылған. Соған қарамастан нысан құрылысы әлі күнге дейін аяқталмаған. Нәтижесінде іс жүзінде орындалмаған жұмыстардың құны 380 млн теңгені құрады. Іс бойынша мердігер ұйымның басшысы және Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бұрынғы басшысы күдікті деп танылды. Сот санкциясымен 3 пәтер мен автотұрақ орнына тыйым салынды.
Қазіргі таңда тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Өзге ақпарат Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды
Байболат Култанов