Қоғам

Ауылдағы ағайынның үйіне таза ауыз су кіргізілді

КҮЛСІН ОСПАНОВА, Айымжан ауылының тұрғыны, Жамбыл ауданы:
– Бұрын суды алыстағы құдықтан әкелетінбіз. Ол да бір бейнет болатын. Қазір үйге су кіріп, рахатын көріп отырмыз.

80 жастағы Күлсін Оспанова – Жамбыл ауданындағы Айымжан ауылының тумасы. Кейуана елді мекеннің орталықтандырылған ауыз сумен қамтылғанына қуанышты. Нәзікжанды “Бұған дейін алыстағы құдықтан таза тіршілік көзін тасу бейнет болды”, – дейді. Күлсін Сейітқызының арманы орындалды. Бірер күн бұрын оның үйіне таза тіршілік көзі кіргізілді.

КҮЛСІН ОСПАНОВА, Айымжан ауылының тұрғыны, Жамбыл ауданы:
– Үйде қой, сиыр, жылқы бар. Май мен етті сатып табыс тауып отырмыз. Ауылдан ешқайда кетпеймін. Малды да үйден суарамыз. Автоматтандырылған кір жуатын машина аламын. Үйге жуынатын бөлме істейміз.

Былтырдан бастап Айымжан ауылындағы 3 шақырым 200 метрді құрайтын су тарату желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, құдықтар тазаланып, 25 текше метрлік су мұнарасы орнатылды. Маңызды іске аудандық бюджеттен 33 млн теңге бөлінді.

АЛМАГҮЛ ҚАЙНЕТОВА, Мирный ауылдық округінің әкімі, Жамбыл ауданы:
– Облыс орталығынан мамандар келіп судың сапасын тексерді. Бәрі ойдағыдай. Қазіргі таңда 20 отбасы үйлеріне су кіргізді. Бюджеттік мекемелер де орталықтандырылған тіршілік көзімен қамтамасыз етілді. Алдағы уақытта жол мәселесін шешуді жоспарлап отырмыз.

Айта кету керек, Айымжан ауылында 65-ке жуық баспана бар. Барлығы – 150-ден астам адам тұрады.

Нурасыл Ахмет