27-29 тамыз аралығында Тараз қаласында жедел медициналық жәрдем бригадалары арасында екінші республикалық спартакиада өтті. 3 күнге созылған халықаралық сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден келген мамандар бақ пен бап сынады. Сайыста ақ халатты абзал жандар теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын тексерді.
НҰРДӘУЛЕТ МАДЕШЕВ, Солтүстік Қазақстан облыстық жедел медициналық жәрдем орталығының дәрігері:
– Жарыста бірнеше станция бойынша сынға түстік. Атап айтқанда, ересектерге арналған реанимация, балалар реанимациясы, политравма, триаж, ЭКГ және тестілеу кезеңдері болды. Әр станцияда өзіміздің біліміміз бен кәсіби шеберлігімізді шыңдауға мүмкіндік алдық.
Жерлестеріміз шеберлік шыңдап қана қойған жоқ, үздіктер қатарынан да көрінді. 1 дәрігер мен 2 фельдшерден тұратын командамыз жүрек-өкпе реанимациясын жасаудан жеңімпаз атанды. Жеңіс тұғырынан көрінуге Батырхан Әлжанов та үлес қосты. Ойы ұшқыр, қолы епсекті маман өзін жақсы қырынан көрсеткен.
БАТЫРХАН ӘЛЖАНОВ, Солтүстік Қазақстан облыстық жедел медициналық жәрдем орталығының фельдшері:
– Жүрек-өкпе реанимациясы станциясында әр командаға нақты уақыт берілді. Тапсырманы 12 минуттың ішінде аяқтау қажет болды. Бізге бастапқыда улану жағдайы түсті. Салдарынан науқастың жүрегі тоқтады. Сол сәттен бастап реанимациялық шараларды жүргіздік. Дефибрилляция, интубация және басқа да қажетті медициналық көмектің барлығын орындадық. Нәтижесінде осы станция бойынша бірінші орынға ие болдық.
Айта кетейік, қазіргі күні Солтүстік Қазақстан облыстық жедел медициналық жәрдем орталығында 300-ден астам ақ халатты абзал жан жұмыс істейді.
Улан Ыдырыс