Күздің алғашқы күні келісімен ауа райының салқындауы байқалады. Синоптиктердің айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қыркүйек айында ауаның орташа айлық температурасы норма шамасында болып, +10 мен +12 градус аралығын құрайды.
ГҮЛЗАТ ҒАЗИЗОВА, “Қазгидромет” РММ СҚОФ бөлім басшысы:
– Бірінші онкүндіктің басында ауа температурасы түнде 0,+5 градус жылы, облыстың батысында, солтүстігінде 2 градус үсік, күндіз +12,+17 градус жылы күтіледі. Содан кейін ауа температурасы түнде +9,+14 градус жылыға, күндіз +20,+25, кей жерлерде 28 градус жылыға дейін біртіндеп жоғарылауы күтіледі.
Бірінші онкүндікте күннің біраз жылынып, жайлы күндердің келуі егін басында жүрген диқаншыларға зор демеу болары анық. Дегенмен, күз мезгілі өзінің мінезін көрсетпей қоймайды. Алдағы уақытта ауа райы құбылуы мүмкін. Айдың екінші онкүндігінде жауын-шашын мен желдің күшеюі күтіледі.
ГҮЛЗАТ ҒАЗИЗОВА, “Қазгидромет” РММ СҚОФ бөлім басшысы:
– Екінші онкүндікте ауа температурасы түнде +1,+6 градус жылына дейін, топырақ бетінде 2 градус үсікке дейін, күндіз +13,+18 градус жылына дейін төмендеуі күтіледі. Содан кейін ауа температурасы түнде +6,+11 градус жылына дейін, күндіз +18,+23 градус жылына дейін жоғарылайды.
Үшінші онкүндікте кей кездері найзағай ойнап, тұман түседі. Сондай-ақ, желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін.
Жаннур Бектурганова