Білім күніне орай өңірдегі мектептерде ұйымдастырылған іс-шараларға полиция қызметкерлері қатысты. Олар оқушыларды көлікпен әкелетін ата-аналарға қауіпсіз бағыттарды атап өтті. Ал салтанатты жиын барысында балаларға күнделікті өмірдегі және цифрлық ортадағы ережелерді еске салды. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге «Заң мен тәртіп» боямақтары табысталды. Оның көмегімен ұл-қыздар негізгі талаптарды оңай түсініп алады. Полиция қызметкерлерінің шараға қатысуының басты мақсаты – оқушыларға қауіпсіздік әрқайсымыздан, яғни жауапкершіліктен, тәртіптен және айналамыздағы адамдарға құрметпен қараудан басталатынын еске салу.
АБЫЛҒАЗЫ ҒАБДУЛЛИН, СҚО ПД бастығының орынбасары:
– Жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймыз! Әсіресе бірінші сынып оқушыларын құттықтағым келеді. Бүгін сіздер үшін өмірлеріңіздегі маңызды жаңа кезең басталып отыр. Жақсы достар, қызықты жаңалықтар және оқуда зор жетістіктер тілеймін.
Ал өңірдің бас полицейі Руслан Назаров Мағжан Жұмабаев атындағы IT мектеп-лицейіне барды. Ол жиында сөз сөйлегеннен кейін бастауыш сынып оқушыларымен және «Жас сақшы» сыныбының тәрбиеленушілерімен кездесті. Жүздесу соңында департамент бастығы оқушыларға табыс пен табандылық тіледі.
Байболат Култанов