Қоғам

Петропавлдағы саябақтардың бірінен 300 келі қоқыс жиналды

Петропавлдағы «Ядролық апат құрбандарына арналған ескерткіш» орналасқан саябақ күл-қоқыстан тазарды. Жанға тыныштық сыйлайтын аумақты экомарафонға қатысушы жастар жинады. Жай ғана жинап қоймады. Команда ретінде сынға түсті. Қандай ұжым көп қалдық жинайды, сол жеңіске жетеді.

АНАСТАСИЯ ВОЛКОВА, СҚО жастар ресурстық орталығының басшысы:
– Бұл – спорттық және экологиялық іс-шара. Жарысымыз қызықты өту үшін қатысушыларды конвертке салынған суреттердің сәйкестігіне байланысты топтарға бөлдік. Нәтижесінде қыз-жігіттерден тұратын командалар жасақталды. Оларға 20 минут беріледі. Осы уақытта кімдердің көп қоқыс жинайтынын анықтайтын боламыз. Ұйымшылдықты арттыратын әрі айналаға пайда әкелетін бастама деп білеміз.

5 командаға бөлінген жастар нұсқамаға сай іске кірісті. Қолдарында қапшық. Сынған ағаш бұтақтары, түскен жапырақтар, адамдар тастап кеткен қалдықтар. Жастардың қолы осылардың барлығына тиді. “Жас келсе – іске” дегендей, алдымен алақандай аумақ, артынша ат аунайтын төңірек тазарып шыға келді.

МАДИЯР ЕРІК, қатысушы:
– Мен осы секілді іс-шараға 14 жасымнан бастап қатысамын. Біз осы шараға қатысу арқылы командалық ауызбіршілікке және табиғат аясын аялауға үйренеміз. Өзімнің достарыммен ойнап, эстафетаны көңілді өткіземіз.

Көңілді өткен шара қоршаған ортаға айтарлықтай пайда әкелді. Саябақтан 300 келі қоқыс жиналды. “Таза Қазақстан” республикалық акциясы аясында ұйымдастырылған экомарафон соңында белсенді қатысушыларға арнайы марапаттар табысталды.