Қоғам

Петропавлдағы Бірінші гимназия білім күнін атап өтті

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– Қазақ “Тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың” дейді. Біз бағыт алған мектеп – әрбіріміз үшін білім ордасы. Мамырдың соңында ғана оқу ұяларының маңында көздерінде от жалындаған жастарды көріп едік, бүгін жүректері лүпілдеген бүлдіршіндермен дидарласып отырмыз. Олар қыркүйектің алғашқы жұлдызында өмірлеріндегі жаңа кезеңге аяқ басады. Қадамдарың құтты болсын! Көзді ашып-жұмғанша қыркүйек те келді, елімізде жаңа оқу жылы басталды. Ертеңнен бастап 73 мыңнан астам солтүстіказақстандық бала партаға отырады. Ал бүгін “Алғашқы қоңырау” соғылмақ. Қазір дәстүрлі шараның біріне куәгер болмақпыз.

Петропавлдағы Бірінші гимназияда да Білім күніне арналған салтанатты шара өтті. Қыздардың басында ақ бантик, ұлдар мойындарына галстук байлаған. Үстерінде – дәстүрлі мектеп формасы. Бәрінің мақсаты – озат оқушы атану.

ТАТЬЯНА АНЦИБОР, Бірінші гимназияның директоры:
– Биыл 100-ге жуық бала мектебіміздің табалдырығын алғаш аттады. Ал жалпы білім ұясында 900-ден астам оқушы оқиды. Оларға 85 ұстаз тәлім береді. Оның барлығы дерлік – жоғары категорияға ие педагогтер. Оқу орнының 60 жылдық тарихы бар. Ұл-қыздарымыз жыл сайын халықаралық олимпиадаларға қатысып, үздік нәтиже көрсетеді.

Бүлдіршіндер мектепке дайын. Алда оларды әткеншек емес, Әліппе күтеді. Санап, жазып, оқып үйренеді. Абайша айтсақ, дүниеге кірпіш болып қаланудың алғашқы қадамдарын жасайды. Немересін жетектеп мектепке әкелген Сәрсенбі Әубәкірованың қуанышында шек жоқ. Ақжаулықты ана барша бүлдіршіндер мен ұстаздарға өзінің ізгі тілегін тіледі.

СӘРСЕНБІ ӘУБӘКІРОВА, қала тұрғыны:
– Білім күні құтты болсын! Мектеп табалдырығын алғаш аттаған оқушыларға зор табыс тілеймін. Әр күніміз жақсылыққа толы болсын.

Оқу жылы басталды. Мұғалімдер сақадай-сай, дайындықтарын пысықтап, оқушыларын құшақ жая қарсы алды. Ал өмірдің жаңа парағын ашқан шәкірттер мектепте оқитындарына дән риза. Айта кету керек, бүгін облыста 6 мыңға жуық бала мектеп табалдырығын алғаш аттады.

Нурасыл Ахмет