Қоғам

Қара шаңыраққа – 30 жыл: классикалық гимназияда алғашқы қоңырау соғылды

ҰЛАН ЫДЫРЫС, тілші:
– 1996 жыл, 1 қыркүйек. Бұл күні Қызылжар жұрты үшін ақ түйенің қарны жарылды. Қаламызда сол кездері қазақ тілінде оқытатын саусақпен санарлық мектептің бірі мына Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназия ашылды. Бүгін іргелі қара шаңырақта алғашқы қоңырау 30-шы мәрте соғылмақ. Олай болса, табалдырғын аттайық.

Биыл Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназия табалдырығын 78 оқушы алғаш рет аттамақ. Олар 3 сыныпта білім алатын болады. Басында ақ бантик байлаған қыздар мен галстук таққан ұлдардың қуаныштан жүздері бал-бұл жайнап тұр. Білім ордасында ұйымдастырылғын мерекелік жиынға облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов та қатысты. Ол барлық ата-аналар мен мектеп оқушыларын білім күнімен құттықтады.

ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– Қымбатты балалар, Солтүстік Қазақстан облысы әкімі және өз атымнан баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын.

Қалыптасқан дәстүрге сай шараның шымылдығы Гимнмен ашылды. Балғындар да аға-әпкелері сияқты қолдарын кеуделеріне қойып, Әнұранды жатқа айтты. 30 жыл – бұл жай ғана сан емес, бұл тұтас бір адамның ғұмырына татитын уақыт. Бүгін іргелі қара шаңырақтың мерейтойына орай білім ордасының тұңғыш директоры Жангелді Тәжин оқушылар мен ата-аналарды әрі ұстаздарды айтулы күнмен құттықтады.

ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, С. Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның тұңғыш директоры:
– 30 жыл деген әжептәуір уақыт. Осы уақытта классикалық гимназия өзінің расында гимназия екендігін дәлелдеді. Біздің оқушылар мен түлектеріміз еліміздің әр түкпірінде Отанға қызмет етуде.

Қаз-қатар тізілген ұл-қыздар қолдарына әліппелерін қыса ұстап, алғаш рет сынып табалдырығын аттайды. Кеше ғана балабақшада жүрген бүлдіршіндер үшін бұл ерекше күн. Бүгін олар ұстаздарымен танысып, партаға жайғасады. Перзенттерінің ерекше сәтіне куә болып отырған ата-аналардың қуанышында шек жоқ.

ЗАЙРА ЖАҚЫПОВА, қала тұрғыны:
– Осы классикалық гимназияда менің үлкен ұлым 7-ші сыныпта оқиды. Бүгін міне егіз ұлдарымды әкеліп отырмын.

Айта кетейік, биыл гимназияда 500-ден астам бала білім алады. Ағымдағы оқу жылында 25 оқушы мектеп тәмамдайды, оның 2-еуі – “Алтын белгіге” үміткер.

Улан Ыдырыс