Қоғам

К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті өкілдігінің ұжымы студенттермен кездесті

К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті Петропавл қаласындағы өкілдігінің ұжымы студенттермен кездесті. Шара барысында ұл-қыздарға оқытушылар таныстырылып, филиалдың жұмысы жайлы кеңінен баяндалды. Биыл есігін айқара ашқан оқу орнына 100-ге жуық талапкер қабылданыпты. Маңызды кездесуге облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов қатысты. Оның сөзінше, аталған білім ордасында оқитын студенттерге бар жағдай жасалады.

ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– 2027 жылы филиал студенттеріне арнап 600 орынға шақталған жаңа оқу корпусы ашылады. Мағжан, Сәбит, Ғабит шыққан өлке өнерден кенде болмауы қажет. Бұл – облыс әкімдігінің бастамасы. Басты мақсатымыз – теріскейде талантты жастарға жол ашып, танымал болуына жағдай жасау. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс жалғасын табады.

Облыстағы білім ордаларында аграрлық және техникалық мамандықтар көп. Ұл-қыздарды шығармашылық бағытта дайындайтын оқу орындарының саны аз десек те қателеспейміз. Аталған олқылықтың орнын толтыру мақсатында облыс әкімдігі теріскейде елге танымал өнер университетінің филиалын ашуды жөн көрген.

ДӘУЛЕТ ТӘПЕНОВ, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы, Астана қаласы:
– Жобаны іске асыруға 2 жылға жуық уақыт кетті. Филиал студенттері Қозыбаев университетінің базасында 6 бағыт бойынша тәлім алады.

Ашық диалог форматында өткен шарада ұл-қыздар оқытушыларға өз сұрақтарын қойды, алғысын айтты. Сонымен қатар, өз өнерлерін көрсетті.

ЛЕЙЛА МАКАЕВА, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті Петропавл қаласындағы өкілдігінің студенті:
– Қостанай қаласының тумасымын. Университет мені жылы қарсы алды. Жатақханаға орналастық. Өзім суретшімін. Білім ұясы маған көп дүние үйретеді деп ойлаймын.

Айта кету керек, оқу орнында еліміздің 15 облысынан келген студенттер тәлім алады.

Нурасыл Ахмет