Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов жұмыс сапарымен Шал ақын ауданына барды. Сапар аясында егін жинау науқанының барысымен танысты. Биыл бұл өңірде 266 мың гектардан астам алқаптың өнімі жиналады. Оның 150 мың гектарынан астамы – дәнді және дәнді-бұршақ дақылдары.
МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
– Биылғы жылы ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді. Жер жыртылды, тұқым әзірленді және “Кең дала” бағдарламасы бойынша несиелеу жұмыстары қолға алынды. Биыл облыс бойынша жалпы қаржыландыру көлемі шамамен 210 млрд теңгені құрады, оның ішінде 170 млрд теңге – “Кең дала-1” және “Кең дала-2” бағдарламаларына тиесілі. Жоба бойынша өтініштер қазан айынан бастап қабылданып, жыл соңына қарай қаржыландыруды бастадық. Егіннің сапасы жақсы болуы тиіс.
Бүгінгі таңда Шал ақын ауданы бойынша дәнді дақылдардың жартысынан астамы жиналды, 34%-ы бастырылды. “Городецкое” серіктестігі де егін жинау жұмыстарын сәтті жүргізіп жатыр. Агроқұрылымда 50-ге жуық жұмысшы еңбек етеді.
РУСЛАН ФАХРИСЛАМОВ, «Городецкое» ЖШС басшысы, Шал ақын ауданы:
– Жалпы, 5 мыңға жуық гектарға егін ектік. Биыл әр гектарынан 20-25 центнер өнім алудамыз. Дәнді-бұршақ дақыл толығымен жиналды. Орақ науқанының тең жартысы тындырылды. Ауа райы қалыпты болса, қыркүйектің ортасына қарай егін жинауды толығымен аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Сапар аясында Марат Тасмағанбетов Крещенка ауылында орналасқан элеватордың жұмысымен танысты. Кәсіпорынның сыйымдылығы 13 мың тоннаны құрайды. Нысан “Шал ақын агро-2020” серіктестігіне тиесілі.
МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
“Шал ақын агро-2020” серіктестігі – өңірдің ауыл шаруашылығы саласында көп жылдан бері табысты еңбек етіп келе жатқан ірі кәсіпорындардың бірі. Мұнда да егін жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Шаруалар қазірдің өзінде өнімнің көп бөлігін қамбаға салып үлгерген.
ТАЛҒАР ТУКЕЕВ, “Шал ақын агро-2020” ЖШС басшысы, Шал ақын ауданы:
– Негізі, мен бұл істі 1999 жылы бастадым. Қазір 10 мың гектар алқабымыз бар. Егіннің 50 пайызға жуығын жинап қойдық. Гектарынан 20-27 центнерден өнім жиналып жатыр. Жаз биыл жылы болды, ауа райы қолайсыздық тудырған жоқ.
Қазіргі таңда ауданда жер жырту және қалған дақылдарды жинау науқаны жоспарға сай жалғасып отыр. Ауа райы қолайлы болса, дәнді дақылдарды қыркүйектің ортасына дейін толық жинап шығу көзделген.
Жаннур Бектурганова