Соколовка ауылында қарттар арасында үстел теннисінен турнир өтті. Жарыс шымылдығын Қызылжар ауданының әкімі Бейбіт Исманов ашты. Ол салауатты өмір салтын ұстанатын, өмірде белсенді азаматтарды құттықтай келе сәттілік тіледі. Сайыста 60-тан асқан 20-ға жуық қарт өзара бақ сынасты. Солардың бірі – Сарвар Бектасов. 72 жастағы зейнеткер 30 жыл дене шынықтыру пәні мұғалімі болған. Спорттан әлі күнге дейін қол үзген емес. Қолы қалт еткенде қолына ракетка алады.
САРВАР БЕКТАСОВ, зейнеткер:
– Өзім әуесқой спортшы ойнаймын, арнайы дайындық болған жоқ. Денсаулығымды күтемін. Спортпен айналысып, көп қимылдаймын. Үстел теннисі бас пен дененің қозғалу үйлесімдігін жақсы реттейді. Жеңімпаз болуға ниеттімін.
Додада қатысушы 9 спортшы Бескөл ауылдық округінен келген. Турнирге Бейбіт Исманов та қатысты. Ол шапшаңдығымен көзге түсті.
ӘБІЛХАН БИЖАНОВ, Қызылжар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Бүгін Семей ядролық полигонының жабылғанына тура 35 жыл толып отыр. Осыған орай ардагерлер кеңесі біраз іс-шара өткізді. Салауатты өмір-салтын ұстану, спортпен шұғылдану, жастарға үлгі болуы үшін жиналдық.
Турнир ерлер және әйелдер арасында ұйымдастырылғанын да айта кету керек. Тиісінше жарыста 2 чемпион мен жүлдегерлер анықталды. Қызылжарлық қарттар енді қазан айында бас қосуды жоспарға енгізіп қойған. Олар күздің екінші айында бірнеше іс-шара ұйымдастырмақ.
Аружан Султанова