Қоғам

“Бірлік” шағын ауданында өрттің алдын алу жұмыстары жүргізілді

Жылыту маусымы жақындаған сайын тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігіне де ерекше мән беріледі. 15 тамыздан басталған айлық аясында төтенше жағдайлар департаментінің мамандары “Бірлік” шағын ауданында үйлерді аралап, тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын түсіндірді.

ДИАНА ШАМШУАЛИЕВА, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері:
– Іс-шара барысында үйлерді аралап, бұған дейін орнатылған түтін датчиктерін тексердік. Ақауы бар құрылғылар жаңасына ауыстырылды. Сонымен қатар, тұрғындарға датчиктің дұрыс жұмыс істеуі үшін батареяларын шамамен үш ай сайын ауыстырып отыру қажет екенін ескерттік. Мұндай жұмыстар Жұмысшы кенті мен Бірлік шағын ауданында жүргізіліп, 200-ден астам үй қамтылды.

Айта кету керек, түтін датчиктерінің пайдасы нақты жағдайларда да дәлелін тауып отыр. Өткен жылы Тайынша ауданында даылқаққыштың дер кезінде іске қосылуы 7 адамнан тұратын отбасының қауіпсіз жерге уақытылы шығуына мүмкіндік берген. Мамандардың айтуынша жалпы облыс бойынша өрт қауіпсіздігі айлығы аясында қазірдің өзінде 1,5 мыңға жуық тұрғын үй тексерілді. Ал айлық соңына дейін бұл көрсеткішті 5 мыңнан астам үйге жеткізу жоспарланып отыр.

Жансая Дербисова