Қоғам

Балалар қауіпсіздігі

Қыркүйектің 1-і күні солтүстікқазақстандық 75 мыңға жуық бала үшін алғашқы қоңырау соғылады. Оның 28 мыңнан астамы – петропавлдық оқушы. Мектеп табалдырығын 5 945 бүлдіршін аттайды. Бұл – білім нәрін бойға сіңіретін ғана емес, қауіпсіздікке аса мән беретін кезең. Ата-аналар, ұстаздар және ұл-қыздардың өзі жауапкершілік танытуы керек. Полиция тәртіптің бұзылмауын үнемі қадағалайтын болады.

ӘЛІБЕК ҒАБДУЛЛИН, СҚО ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы:
– Сіздерге полиция қызметкері ретінде ғана емес, екі баланың әкесі ретінде де үндеу жасағым келеді. Балаларыңыздың қайда жүргеніне, кіммен араласатынына және бос уақытында немен айналысатынына көңіл бөліңіздер. Балалардың қауіпсіздігі – баршамызға ортақ жауапкершілік. Полиция, ата-аналар, ұстаздар және балалардың өздері бірлесіп жұмыс істегенде ғана жаңа оқу жылын қауіпсіз өткізе аламыз.

Түнгі уақытта көшеде жүретін балалар көбейген. Бұған заң тыйым салады. Ұл-қыздар ата-анасының қараусыз қараңғы уақытта қыдыруы арқылы құқық бұзушылықтарға бір қадам жақындайды. Ұрлық, ішімшік ішу, көңіл көтеру орындарына барады. Бұлар өмірлеріне қауіп төндіреді.

ӘЛІБЕК ҒАБДУЛЛИН, СҚО ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы:
– 2026 жылдың басынан бері заңнама талаптарын бұзғаны үшін 3 780 кәмелетке толмаған әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жеке тоқталсақ. Ата-аналардың балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамауына қатысты 976 факт тіркелді. Ұл-қыздардың түнгі уақытта үйден тыс жерде заңды тұлғаларсыз жүруіне байланысты 2 378 жайт анықталды. 200 бала алкогольдік ішімдік ішкен, ұсақ бұзақылыққа  153-і барды. Сонымен қатар, 30 кәмелетке толмаған ойын-сауық орындарына кірген.

Буллингке баратын да балалар бар. Спикердің сөзінше, биыл 5 оқушы қатарластарынан қысым, қорлық көрген. Сол үшін ата-аналары заң аясында жазаға тартылған екен. Полиция мұндай кезде ұл-қыздар және олардың жақындары үнсіз қалмау керектігін ескертеді.

Байболат Култанов