Қоғам

Жазасын өтеп жатқан қылқалам шеберлерінің жұмыстары

Петропавлда жазасын өтеушілер арасында “Үміт-2026” байқауы ұйымдастырылды. Өнер сайысы 15 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Биыл көпшілік назарына 5 түзету мекемесінен әкелінген жұмыстар қойылды. Темір торда отырса да шығармашылығына тұсау салмаған жандардың өнерін Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері мен қоғам қайраткерлері бағалайды.

МАНАР ҚАБАЙ, СҚО бойынша ҚАЖД бас маманы:
– Бүгін сотталғандардың картиналары мен қолөнер жұмыстары қаралуда. Бұл – жай картиналар емес, болашаққа деген үмітпен қиялынан туған өнерлер.

Түзету мекемесінде жазасын өтеушілер бос уақытта арнайы қолөнер үйірмесіне барып, сурет салады. Бойда талант, туындыларды өмірге әкелуге ниет болса болғаны. Бұл – тәрбиелік жұмыстың бірі. Сотталғандар сүйікті іспен айналысу арқылы психологиялық тұрғыда ұстамды бола түседі, рухани тұрғыда дамиды.

ЖАДЫРА НҰРМҰҚАНОВА, СҚО бойынша ҚАЖД №50 мекемесінің аға инспектор-психологы:
– Әйелдер колониясындағы қолөнершінің қолынан шыққан әсем қамзол “Үміт” көрмесінде көрерменнің ерекше назарын аударды. Ұлттық нақыштағы бұл жұмыс – өкініш пен үміт астасқан ішкі жан дүниенің тазаруы мен рухани жаңғыруының жарқын белгісі.

“Үміт-2026” байқауы соңында жоғары баға алған жұмыс иесі қошеметке бөленеді. Оған түзету мекемесі қабырғасында марапат табысталады және туынды республикалық кезеңге жолданады. Айта кетейік, картиналар сатылымға шығарылмайды. Ол автордың өз жекеменшігі ретінде сақталады.