Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапхана қабырғасында өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған сайыс өтті. “Құқықтық тәртіп чемпионаты” атты шараға жастар ресурстық орталығының белсенділері мен волонтерлер қатысты.
АНАСТАСИЯ ВОЛКОВА, СҚО жастар ресурстық орталығының басшысы:
– Шараның мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, сыни ойлау қабілетін дамыту. Заң мен қауіпсіздік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауға үйрету. Бүгін жастар командаларға бөлініп, нақты жағдайларды талдайды. Яғни, заң қандай жағдайда бұзылатынын, оның қандай салдары болуы мүмкін екенін және дұрыс әрекет етудің жолдарын өздері анықтайтын болады.
Шараға 20-дан астам жас қатысты. Қатысушылар 4 топқа бөлініп, кейс түріндегі тапсырмаларды талдады. Қатарластарының арасынан өзін белсенді көрсеткеннің бірі – Ерназар Абай. Жасөспірім мұндай шаралардың жас буын үшін маңыздылығына тоқталды.
ЕРНАЗАР АБАЙ, қатысушы:
– Осындай іс-шараларға бізді бірінші рет шақырып жатқан жоқ. Маған шараларға қатысқан ұнайды. Бүгінгі кездесудің мен үшін маңызы зор. Себебі, бізге заң жайлы тұжырымдамаларды зерттеп-зерделеп түсіндіреді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар алдағы уақытта өз жалғасын табады.
Аружан Султанова