Қоғам

Теріскейліктер еңбек ардагері Аслан Нехайды ақтық сапарға шығарып салды

Солтүстікқазақстандықтар тың игеруші, еңбек ардагері Аслан Нехайды ақтық сапарға шығарып салды. Қаралы жиынға марқұмның көзін көрген қариялар мен жергілікті әкімдік өкілдері қатысты. Шара барысында шаһар басшысы Серік Мұхамедиев өңір жетекшісі атынан Аслан Нұрұлының жақындарына көңіл айтты. Қала әкімі өз сөзінде ардагердің еңбек жолын, елдің дамуына қосқан өлшеусіз үлесін тілге тиек етті.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Жуырда Аслан Нұрұлын 90 жас мерейтойымен құттықтаған болатынбыз. Өте өкінішті. Ардагер ондаған жылдар бойы аймақтың ауыл шаруашығы саласының дамуына зор үлес қосты. Қанша жастың томағасын сыпырды. Қарапайым жұмысшыдан басшылық қызметке дейін өсті. Марқұмның өнегелі өмірі жас ұрпаққа үлгі.

Айта кету керек, Аслан Нұрұлы 1954 жылы комсомолдық жолдамамен Ресейдің Краснодар қаласынан облысқа келген. Еңбек жолын тракторшы-комбайншы болып бастады. Тыңайған жерлерді игеруге атсалысты. Өзге аймақта туса да өзін қазақстандықпын деп санады. Қала тұрғыны Нина Полещук марқұмды 50 жылдан бері таниды. Азаматша Аслан Нехайды әкемдей адам болып кетті, – дейді.

НИНА ПОЛЕЩУК, қала тұрғыны:
– Осыдан 50 жыл бұрын Жамбыл ауданы Архангелька ауылына мұғалім болып бардым. Сол кезде Аслан Нұрұлы совхоз директоры болды. Жас маман ретінде маған үй берді. Қажетті заттармен қамтамасыз етті. Жақсылығын ешқашан ұмытпаймын. Өмірінің соңына дейін ардагердің отбасымен араластым. Әрдайым одан ақыл сұрайтынмын.

Артынан өшпес із қалдырған ердің есімі әрқашан ел есінде. Теріскей жұрты Аслан Нұрұлының облыс үшін сіңірген еңбегін ешқашан ұмытпайды.

Нурасыл Ахмет