Қоғам

Тарихи сәт: Құрылтайдың бірінші сессиясы өтті

Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен тұңғыш рет Құрылтайдың бірінші сессиясы өтті. Бұл – еліміз үшін тарихи сәт. Қазақстан ұлт жылнамасының жаңа парағын ашып отыр. Төл тарихымызға зер салсақ, Құрылтайда мемлекеттік маңызы бар мәселелер кеңінен талқыланып, ортақ шешімдер қабылданған. Қасым Жомарт Кемелұлының сөзінше, аталған институттың жаңа кезеңде де жөні бөлек болары анық.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Себебі, Құрылтай билік жүйесін түбегейлі жаңғыртады. Бүкіл мемлекеттік аппараттың жұмысына тың серпін береді. Құрылтай ұлттық заңнама сапасын арттыру арқылы еліміздің құқықтық негізін нығайта түседі. Осы тарихи миссияны атқару сіздерге жүктеліп отыр. Осы аса абыройлы атқа лайықты қызмет етесіздер деп сенемін.

Құрылтай жұмысының басталуы мемлекеттік басқару жүйесіндегі іргелі институционалдық өзгерістерге жол ашады. Жаңадан сайланған халық қалаулылары билік жүйесін қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқармақ. Алқалы жиын барысында Президент Құрылтайдың өкілеттілігін жіпке тізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатының мүшелері Құрылтай келісімімен тағайындалады. Депутаттар Президенттің ұсынуы бойынша Жоғары сот судьяларын сайлайды және қызметінен босата алады. Құрылтай Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджет туралы есептерін бекітеді, Конституциялық соттың жыл сайынғы жолдауын тыңдайды.

Бір сөзбен айтқанда, Құрылтайға атқарушы және сот билігін қалыптастыруға, ел тағдырын айқындайтын стратегиялық маңызы бар мәселелерді шешуге қатысты аса ауқымды құзырет берілді. Жиын барысында Мемлекет басшысы Құрылтайдың алдында тұрған бірқатар маңызды міндеттерге тоқталып өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Жаңа Конституция нормаларын ескере отырып, еліміздің заңнамасына түзетулер енгізу қажет. Жаңа конституциялық жүйеге өту барысында бұрынғы Парламент негізгі билік институттарының қызметін қамтамасыз ететін бірқатар маңызды заңдарды қабылдады. Енді Құрылтай әр салаға қатысты заңнаманы мұқият саралап, олардың Конституция қағидаттарына сай болуын қарауы керек. Құрылтай заң шығару үдерісінің тұрақтылығы мен сапасын қамтамасыз етуі тиіс.

Тарихи шараның соңында Қасым-Жомарт Кемелұлы Құрылтай төрағасы лауазымына Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынды. Айта кету керек, бір палаталы заң шығаушы орган 5 партия өкілдерінен жасақталды. Құрамында 145 депутат бар.

 

Нурасыл Ахмет