Бюджет қаражатының тиісті жеріне жетуі және орынды жұмсалуы. Бұл жауапты міндет облыстық тексеру комиссиясына жүктелген. Биыл аталған мемлекеттік органның құрылғанына – 15 жыл. Осыған орай Петропавлда алқалы жиын өтті. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов қатысты.
НҰРЛАН КЕҢЕСОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– 15 жыл уақыт – мемлекеттік аудит үшін қалыптасу, тәжірибе жинақтау, үлкен кәсіби мектептен өту кезеңі. Осы жылдар ішінде тексеру комиссиясы өз жұмысын абыроймен атқарды”.
Мерейтойлық шараға шақырылған құрметті қонақтардың бірі – Амандық Сейфуллин. Ол мемлекеттік бақылау жүйесінде 40 жылдан астам еңбек еткен. Сала ардагерінің пікірінше, тексеру комиссиясына мүшелік ететін адам адал әрі еңбекқор болуы керек. Әр теңгені, әр тиынды майшаммен қарау оңай шаруа емес. Жерлесімізге “Тексеру комиссиясына – 15 жыл” мерейтойлық медалі табысталды.
АМАНДЫҚ СЕЙФУЛЛИН, СҚО бойынша тексеру комиссиясының ардагері:
– Тексеру комиссиясында 2011 жылдан 2019 жылға дейін жұмыс істедім. Облыстағы мемлекеттік бақылау жүйесінің қалануына зор үлесімді қостым.
Мерейтойға орай 40 жуық адам түрлі марапат алды. Жалпы, 15 жылдың ішінде облыстық тексеру комиссиясы 250-ден астам аудиторлық бақылау шарасын өткізді. Нәтижесінде 100 млрд теңгенің бұзушылығы анықталды.
Жансая Дербисова