Жақында Қазақстанда электросамокаттарды пайдалануға қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Енді мұндай заманауи көлікпен тротуарларда, жаяу жүргіншілер жолдарында жүруге болмайды.
АЯГӨЗ ИСМАҒАМБЕТОВА, СҚО ПД аға инспекторы:
– Тротуар жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз болуы тиіс, әсіресе балалар, қарттар мен бала арбасымен жүрген ата-аналар үшін. Ережеде электросамокатпен қайда және қалай жүруге болатыны нақты белгіленген.
Полиция қызметкерлері арнайы профилактикалық рейд өткізді. Оның барысында мамандар жаңа талаптардың сақталуын тексеріп, электросамокат жүргізушілеріне қауіпсіз қозғалу ережелерін түсіндірді. 4 құқық бұзушылық та анықталды. 3 жағдайда адамдар тиісті куәліксіз зулаған, тағы бір жағдайда тұлға қорғаныш шлемінсіз жүрген. Солтүстік Қазақстан облысында 7 айда электросамокаттың қатысуымен бір жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 1 адам жарақат алған.
АЯГӨЗ ИСМАҒАМБЕТОВА, СҚО ПД аға инспекторы:
– Полиция жаңа талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге дайын. Бақылау мақсатында полицейлер бейнебақылау камераларын, құқық бұзушылықтарды тіркейтін техникалық құралдарды және ұшқышсыз ұшу аппараттарын да пайдаланады. Сондықтан маңайда полицей болмаса, құқық бұзушылық байқалмай қалады деп ойлауға болмайды.
Жаңа талаптардың басты мақсаты – көшелерді қауіпсіз ету, жарақаттар мен жол-көлік оқиғаларына жол бермеу. Шенділер осыны халық білсе дейді.
Байболат Култанов