Өңір басшысы жұмыс сапарымен Мамлют ауданына барды. Алдымен Ғауез Нұрмұхамбетов Калудино ауылындағы “Әйтеке Би СК” серіктестігіне келді. Мұндағы тауарлы-сүт фермасы 2022 жылы іске қосылған. Кәсіпорынның жобалық қуаты – 600 бас. Бүгінде сүтті бағытындағы 1342 бас ірі қара бар. Жобаға жалпы 2,3 миллиард теңге инвестиция салынған. Оның 1,7 миллиарды – агроқұрылымның жеке қаражаты.
АСҚАР МӘДИЕВ, “Әйтеке Би СК” ЖШС директоры, Мамлют ауданы:
– Күніне 20 тонна сүт өндіреміз, оның барлығын “Eurasian Milk” серіктестігіне өткіземіз. Бізде швециялық сауу қондырғысы жұмыс істейді. Ол сағатына 78 сиырды сауады. Жиым-терім науқаны да сәтті өтуде. Қазіргі күні алқаптағы астықтың 45 пайызын жинадық. Өнімділік гектарына 22 центнерді құрап отыр.
Асқар Мәдиев өз кәсібін дөңгелетіп қана қоймай, жергілікті елді мекендердің дамуына да өз үлесін қосуда. Агроқұрылым басшысы Краснознаменное ауылында 200 адамға шақталған демалыс орталығының құрылысын бастаған. Жоба құны – 28 млн теңге.
АСҚАР МӘДИЕВ, “Әйтеке Би СК” ЖШС директоры, Мамлют ауданы:
– Нысанның тек төбесін жабу ғана қалды. Кейін ғимаратты әкімдіктің балансына өткіземін.
Кейін Ғауез Торсанұлы ат басын Мамлют ауданының орталығына бұрды. Қалада облыс әкімі “Жастар” стадионының қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Әлеуметтік нысан қазіргі күні 25 пайызға дайын тұр. Бұдан соң аймақ жетекшісі Токаревка ауылына барып, су тарату желілерінің құрылысын көрді. Жоба 2 жылда жүзеге асуы тиіс. Оған 354 млн теңге бөлінген. Токаревкаға жылдамдығы жоғары интернет те жетеді. Елді мекенде талшықты оптикалық байланыс желісі орнатылуда. “Мамбетов и К” КС – елге танымал агроқұрылым. Болашақта мұнда ауқымды өзгеріс орын алуы мүмкін.
АРЫСТАН ЖҮНІСОВ, “Мамбетов и К” КС атқарушы директоры, Мамлют ауданы:
– Қазір бір сиырдан тәулігіне 34 литр сүт өндіріледі. Біздің мақсат – көрсеткішті арттыру. Сол үшін тұяқтылардың тұқымын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта симментал сиырларының орнын голштин-фриз тұқымды Зеңгі баба төлі басады. Ауысым 2028 жылға аяқталады.
Серіктестікте бұзауларды сүтпен қоректендіруге арналған тәжірибелік интеллектуалды станция да жұмыс істейді. Алдымен әр төлге арнайы чип орнатылады. Сол арқылы оның салмағы, сүтті тұтыну мөлшері және жалпы жағдайы туралы ақпарат алынады. Ғауез Нұрмұхамбетов “Мамбетов и К” КС егіс алқабына барып, ауданның агроқұрылым өкілдерімен кездесті. Жүздесу барысында облыс әкімі серіктестік басшыларының сұрақтарына жауап берді, өңіріміздегі жиым-терім науқаны жайлы айтты.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Биыл да егін жинау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда астықты алқаптардың шамамен 35-37 пайызы орылды. Орташа өнімділік гектарына 14,6 центнерді құрап отыр. Жалпы 1,5 миллион тоннаға жуық астық бастырылды. Ауа райының қолайлы болуына байланысты өсу кезеңі шамамен 10-15 күнге қысқарды. Соның нәтижесінде орақ науқаны ертерек басталды. Мамлют ауданында дәнді дақылдардың жалпы көлемі 314 мың гектарды құрайды. Маңызды істің 44 пайызы аяқталды.
Бике ауылында 93 жастағы тыл еңбеккері Қайыркен Бегенов тұрады. Өңір басшысы қарияның үйіне арнайы барып, гүл шоғын табыстап, ұзақ жылғы еңбегі үшін алғысын білдірді. Биыл Бике ішімдіктен бас тартқан ауылдардың қатарына енді. Бүгінде елді мекен тұрғындарына салауатты өмір салтын ұстануға қажетті жағдай жасалған. Жуырда шағын футбол алаңы мен воркаут аймағы ашылды. Спортқа құштар жастар бар. Ғауез Нұрмұхамбетов Ленин орта мектебінде жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмысының барысымен де танысты. Жоба құны – 260 млн теңге. Білім мекемесі 50 жылға жуық жөнделмеген екен. Сондай-ақ, аймақ жетекшісі жергілікті кәсіпкермен кездесті. Самат Темірбеков өткен жылы “Ауыл аманаты” бағдарламасы аясында 7,5 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, ауылда өз дүкенін ашқан. Ендігі мақсаты – дәмхана ашу. Мамлют ауданында қысқа дайындық жүріп жатыр. Бүгінде жылыту маусымына 9 мың тоннадан астам көмір әзірленген. Бұл жалпы қажеттіліктің 80 пайызын құрайды.
ЕЛЕНА СТЕПАНЕНКО, Мамлют ауданының әкімі:
– Биыл біз Мамлюткадағы қазандықтың бірін ауыстыруға 27,4 млн теңге бөлдік. Жұмыстар кестеге сай жүруде. Ауданның отынға деген қажеттілігі 14 мың тоннаны құрайды.
Бике ауылындағы Мәдениет үйі 2024 жылы жөнделді. Бұл мақсатқа 274 млн теңге бөлінді. Сапардың бір бөлігі – халықпен кездесу. Жүздесу Мәдениет үйінде өтті. Оның барысында тұрғындар өңір басшысына өздерін алаңдатқан сұрақтарын қойды. Жиын барысында облыс әкімі аудан тұрғындарының өзге де сауалдарына жауап берді. Соңында тиісті тұлғаларға барлық мәселелерді қолға алып, қысқа мерзімде шешуге тапсырма берді.
Улан Ыдырыс