Өңірде «Балаларға назар аударыңыз!» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Оның аясында әкімшілік полиция қызметкерлері білім беру ұйымдарына жақын аумақтағы жол инфрақұрылымын тексеруде. Бүгінде дейін анықталған кемшіліктерді жою жөнінде 60-қа жуық нұсқама берілген. Мысалы, «Арай» балабақшасының маңында жол таңбалары тозыпты. Тиісті жұмыстар жүргізілді.
ҒАБИТ ӘШКЕНОВ, СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының инспекторы:
– Театр көшесі, 50 мекенжайы бойынша орналасқан “Арай” балабақшасы маңында жылдамдықты шектейтін техникалық құралдар орнатылды. Сонымен қатар, оқыту алаңы жасақталды.
Тәртіп сақшылары бүлдіршіндерге сабақ өткізіп, көшеде қауіпсіз жүріп-тұру ережелерін түсіндірді. Патрульдік көліктер де көрсетілді. Дабыл тетігі мен дауыс зорайтқышты пайдаланып көруге мүмкіндік берілді. Қауіпсіздік жөніндегі түсіндіру жұмыстарын жедел медициналық жәрдем қызметкерлері де жүргізді. «Балаларға назар аударыңыз!» іс-шарасының 2 аптасында ғана полицейлер 140-тан астам түрлі профилактикалық іс-шара ұйымдастырды. Жыл басынан бері облыс жолдарында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 60 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарын 4 бала қаза тапты.
Аружан Султанова