Жылыту маусымына дайындық аясында 15-ші тамыздан бастап облыста тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігіне қатысты айлық өтуде. Осы уақыттан бері төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жеке сектордағы үйлерді аралап, тексеру жұмыстарын жүргізді. Бүгінде олардың 150-ге жуығы қамтылған.
ЕРЖАН ШӘРІПОВ, Петропавл қаласы ТЖ басқармасының бастығы:
– Ең алдымен жылыту пештерінің жағдайына, электр сымдарының жарамдылығына назар аударамыз. Сондай-ақ, бұған дейін орнатылған түтін датчиктерінің қауқарын тексереміз. Кей жағдайда қуаты таусылып немесе жарамсыз болып қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда оларды ауыстырып, түтін мұржаларын тазалаймыз. Бұдан бөлек, жыл басынан бері Бірлік ауданында шамамен 700-ге жуық дабылқаққыш орнатылды. Бұл жұмыс әрі қарай да жалғасады.
Жұмысшы кентіндегі баспаналардың бірінде 6 адам тұрады. Рейд барысында мамандар улы газы датчигін ауыстырып, түтін мұржаларын тазалады. Сонымен қатар, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
ВИКТОРИЯ ГАЙДУКЕВИЧ, қала тұрғыны:
– Мамандардың түтін датчигін мерзімді түрде тексеріп тұратыны қуантады. Пеш мұржасын тазалап бергеніне ерекше риза болдым. Өзіміз де жылыту маусымына дайындалуды жоспарлап қойған едік. Мамандар бізге бірқатар кеңес беріп, әлі де дұрыстау керек тұстарды айтты.
Бақылау жұмыстары 15 қыркүйекке дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында есепке алынған 325 үй толық тексерілуі тиіс. Мамандар тұрғындарға жылыту маусымы басталмай тұрып пештер мен мұржалардың жағдайын тексеріп, электр желілерін ретке келтіруді ұсынады.
Жансая Дербисова