Жамбыл ауданында орақ науқаны қарқынды жүріп жатыр. Арнамыздың түсірілім тобы “Шатило и К” серіктестігінің алқабына барып, маңызды істің барысымен танысты. Биыл агроқұрылым 38 мың гектар алқапқа дән сіңірген. Оның басым бөлігі – дәнді және майлы дақылдар. Қазіргі таңда серіктестік алқаптарында 15 техника жүйткіп жүр. Орылған астық бірден жүк көліктеріне тиеледі. Кейін агроқұрылымның элеваторына жеткізіледі.
МИХАИЛ ЛЕНДЕНМАН, “Шатило и К” ЖШС агрономы, Жамбыл ауданы:
– Қазіргі таңда майлы дақылдарды орып жатырмыз. Орташа өнімділік гектарына 20 центнерді құрайды. Күзгі дала жұмыстарына 18-шілдеде кірістік. Ауа райы мүмкіндік беріп тұрғанда аянбай еңбек етіп жатырмыз. Қазіргі таңда маңызды істі 60 пайызға аяқтадық.
Серіктестік комбайншыларды ынталандыру мақсатында әр апта сайын байқау ұйымдастырады. Барлығынан басып озып, ауқымды жұмыс атқарған маманға ақшалай сыйлық табысталады. 30 жылдық тәжірибесі бар Александр Берников аталған бәсекеде 2 мәрте топ жарыпты.
АЛЕКСАНДР БЕРНИКОВ, “Шатило и К” механизаторы, Жамбыл ауданы:
– Таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін еңбек етеміз. Бәрі ойдағыдай өтіп жатыр. Шығымдылық та жаман емес. Серіктестіктегі техникалардың бәрі жаңа. Іші кең, салқындатқышқа дейін бар. Жалақымыз тұрақты. Агроқұрылым бізге зор қолдау көрсетіп отыр.
Айта кету керек, биыл Жамбыл ауданының жер емген диқандары 195 мың гектар алқапқа дән сіңірген. Бүгінге дейін оның 37 пайызын орып үлгерілген. Бастырылған астықтың жалпы көлемі 100 мың тоннадан асады. Орташа өнімділік гектарына 15 центнерді құрайды.
Нурасыл Ахмет