Қоғам

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау

Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңы бар. Маңызды құжатта сатушының да, сатып алушының да мақсат-міндеттері жазылған. Қоғамдағы жайттарды алға тарта келе, жалпыға ортақ талаптар сақтала бермейді деп сенімді түрде айта аламыз. Елімізде, өңірімізде түрлі бұзушылықтар тіркеліп жатыр. Солардың бірсыпырасына жауапты департаменттің басшысы Ғалымжан Ілиясов тоқталды.

ҒАЛЫМЖАН ІЛИЯСОВ, СҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы:
– Ең жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың бірі – кемшілігі бар тауарды сату. Бұл тұрмыстық техника, жиһаз, электроника, киім, сантехника, құрылыс материалдары немесе сапа талаптарына не мәлімделген сипаттамаларға сәйкес келмейтін кез келген басқа тауар болуы мүмкін. Мысалы, тұтынушы су жылытқыш сатып алып, оны орнатқаннан кейін бактан су ағатынын анықтады. Немесе маркетплейс арқылы жиһазға тапсырыс беріп, оны толық емес жиынтықта алды. Тағы бір жағдайда сатып алынған тауардың сипаттамалары сатушы ұсынған ақпаратқа сәйкес келмеуі мүмкін.

Заңның 13-бабына тоқталайық. Мұнда тұтынушы тиісті сападағы тауарды сол үлгіге және сипаттамаға сәйкес алуға құқылы екендігі жазылған. Демек, дүкенге келген адам деректердің дұрыс болуын, тура келуін талап ете алады.

ҒАЛЫМЖАН ІЛИЯСОВ, СҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы:
– Егер тауар сапасы тиісті емес болып шықса, Заңның 15-бабы қолданылады. Тұтынушы өз таңдауы бойынша: сатып алу бағасын мөлшерлес азайтуды; тауардың кемшіліктерін өтеусіз жоюды; кемшіліктерді жоюға жұмсаған шығындарын өтеуді; тауарды ауыстыруды; бағасын тиісінше қайта есептей отырып, басқа маркалы тауарға ауыстыруды; шартты бұзып, төленген ақшалай соманы қайтаруды талап етуге құқылы. Бұл ретте тұтынушының залалды өтеуді талап ету құқығы оның қандай талапты таңдағанына қарамастан сақталады.

Яғни сатушы «тауар сатылып кетті, ақша қайтарылмайды» деп айта алмайды. Белгілі бір затты уақытында жеткізбейтіндер де бар. Ақшасын алып, міндетті орындамағандарға жаза қарастырылған. Ол үшін тиісті ережені білу керек.

ҒАЛЫМЖАН ІЛИЯСОВ, СҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы:
– Кейде сатушы хабарламаларға мүлдем жауап бермей қояды. Мұндай жағдайда тек телефон арқылы сөйлесумен шектелмеу керек. Тапсырыстың растамасын сақтау, уәде етілген жеткізу мерзімін тіркеу, чекті немесе төлем туралы мәліметтерді сақтау, хат алмасудың скриншоттарын жасау, сатушыға жазбаша талап қою қажет. Бұл ретте тұтынушылардың құқықтарын қорғау электрондық саудаға да қолданылады. Заңда электрондық коммерциядағы тұтынушылардың заңды мүдделерін қорғау деңгейі сауданың өзге нысандарындағы қорғау деңгейінен төмен болмауға тиіс деген қағидат бекітілген.

Брифинг барысында Ғалымжан Ілиясов тауардың толық жиынтықта берілмеуі мәселесіне де тоқталды. Мұндай жағдайда тұтынушы заттың жай-күйі мен оның жиынтықталуын бірден тіркеп алғаны жөн. Кейін Заңның 13-15-баптары арқылы тиісті талаптарды қоя алады.