Қоғам

СҚО-да заңсыз қарыз берушіден 6 пәтер тәркіленді

The YouTube ID of СҚО-да заңсыз қарыз берушіден 6 пәтер тәркіленді is invalid.

Өңір аумағында лицензиясыз заңсыз кәсіпкерлік және микроқаржылық қызметпен айналысқан Евгений Ростовщиков жазаға тартылды. Оның 2 жылға бас бостандығы шектелді. СҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті заңға қайшы жолмен қарыз берудің 78 эпизодын анықтады. Әдетте жүгінуші адамдар ақшаға аса мұқтаж, банктен несие ала алмаған азаматтар болған.

ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:
– Қарыз беру үшін екі түрлі схема қолданылған. Бірінші жағдайда нотариус арқылы қарыз шарты рәсімделген, алайда мәміленің нақты талаптары онда көрсетілмеген. Құжаттағы сомаға қарыз алушыға берілген қаражат та, қарызды пайдаланған бүкіл кезең үшін есептелген пайыз да енгізілген. Ақшаның қайтарылуын қамтамасыз ету үшін мүлік кепілге қойылған. Екінші жағдайда қарыз беру дерегі сатып алу-сату шарты ретінде бүркемеленген. Мүлік үшін ақша іс жүзінде берілмеген, ал мүліктің өзі қарыздың кепілі ретінде пайдаланылған. Қаражат қайтарылғаннан кейін шарт бұзылып, мүлік иесіне қайтарылған. Осылайша, азаматтық-құқықтық мәмілелер түрінде шын мәнінде пайызбен және мүлікті кепілге алып жүйелі түрде қарыз беру жүзеге асырылған.

Заңсыз қызметтің нәтижесінде 774 млн теңге қылмыстық табыс түскен. Бұл қаражатқа қымбат активтер сатып алынған. Сот үкімімен мемлекет кірісіне 6 пәтер, Toyota RAV4 автокөлігі, Kawasaki мотоциклі, сондай-ақ құны 280 млн теңге болатын бағалы қағаздар тәркіленді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Байболат Култанов