Қоғам

Мемлекеттік корпорация ауыл тұрғындарының цифрлық сауаттылығын арттыруда

Елімізде халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру шаралары қарқынды жүруде. “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы ауыл тұрғындарына мемлекеттік қызметтерді онлайн алуды және цифрлық сервистерді пайдалануды үйретеді. Ол үшін арнайы сабақтар ұйымдастырылған. Корпорация мамандары сабақтарды тікелей ауылдық округтер мен елді мекендерде өткізеді. Қатысушылар электрондық қызметтерді өз бетінше алу тәртібі мен заманауи цифрлық инфрақұрылым құралдарын меңгереді. Жыл басынан бері оқытудан республика бойынша 18 мыңнан астам ауыл тұрғыны өтті. Әсіресе Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Жамбыл және Алматы облыстарының тұрғындары белсенділік танытқан. Сонымен қатар, “Таным” оқу орталығының қатысуымен облыс бас қалаларында да 5 мыңға жуық азамат оқытудан өтті. Егер онлайн-сервистерді пайдалануды үйренгіңіз келсе, әр облыс орталығында арнайы оқу сыныптары жұмыс істейді. Сабақтар апта сайын – сәрсенбі және жұма күндері сағат 10:00-ден 12:00-ге аралығында өткізіледі. Оқыту тегін.

Жаннур Бектурганова