Қоғам

“Құлагер” хоккей клубы жаңа маусымға сақадай сай

1-қыркүйекте хоккейден ел чемпионаты басталады. Жарыста өңір намысын қорғайтын “Құлагер” хоккей клубы жаңа маусымға сақадай сай. Ойыншылардың дайындыққа кіріскеніне 2 айға жуықтапты. Команданың бас бапкері Андрей Спиридоновпен тілдестік. Ол бізге құрамадағы өзгерістер жайлы айтып берді.

АНДРЕЙ СПИРИДОНОВ, “Құлагер” ХК бас бапкері:
– Биыл құрама 50 пайызға жаңарды. Командаға өткен маусымда сәтті өнер көрсеткен ойыншыларды алдық. Олардың физикалық дайындығына ерекше мән беріп жатырмыз. Клуб ішіндегі атмосфера жақсы. Барлығы бір-бірімен достасып кетті.

Былтыр “Құлагер” хоккей клубы ел чемпионатында жүлдеге сынық сүйем жетпей, 4-ші орынға тұрақтады. Биыл жергілікті имек таяқ шеберлері ел чемпионатында топ жаруды көздейді. Мақсатқа жету жолында жаңадан келген ойыншы Владимир Гребенщиков бар күшін салмақ. Оның аталған спорт түрімен айналысып жүргеніне 30 жылға жуықтапты.

ВЛАДИМИР ГРЕБЕНЩИКОВ, “Құлагер” ХК қорғаушысы:
– 7 айға созылатын маусымда толық ойнап, жарақат алып қалмас үшін аянбай еңбек етудеміз. Клуб басшылығы бар жағдайды жасауда. Қарсыластардың ойынын жіті бақыладық. Бапкерлер әр командаға жеке тактика құрды. Ойластырған айла-амалдарымыз ойдағыдай жүзеге асады деп сенемін.

Айта кету керек, жергілікті имек таяқ шеберлері жаңа маусымдағы алғашқы ойынын 1-қыркүйектте өз алаңында өткізеді. Қарсылас – “Ақтөбе” хоккей клубы.

Нурасыл Ахмет