Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жамбыл ауданында заманауи астық қабылдау кешені ашылды

Алқаптан жеткізілген ырыс дәнін қабылдау, тазалау, кептіру, сақтау және жөнелту. Жамбыл ауданындағы «Шатило и К» серіктестігінің базасында заманауи астық қабылдау кешені ашылды. Салтанатты шараға жергілікті әкімдік өкілдері мен жобаның жүзеге асыруға қолдау көрсеткен «Атамекен Агро» АҚ мамандары және серіктестік қызметкерлері қатысты.

АЗАМАТ БЕКТАСОВ, Жамбыл ауданының әкімі:
– Жаңа кешеннің ашылуы – ауданымыздың агроөнеркәсіптік әлеуетін дамытудағы маңызды қадам. Кәсіпорынның агроқұрылымдарға тигізетін пайдасы мол.

Салтанатты шарадан кейін жиналғандар элеватордың жұмысымен танысты. Заманауи кешен толығымен автоматтандырылған. Дәлірек айтсақ, астық температурасын бақылау жүйесімен, қоймалардың толу деңгейін анықтайтын датчиктермен және цифрлық мониторинг құралдарымен жабдықталған.

АҚАН ДҮЙСЕМБАЕВ, «Атамекен-Агро» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
– Астық қабылдау орнының сыйымдылығы 30 мың тоннаны құрайды. Мұнда ескі элеваторда да бар. Бұрын жиналған ырыс дәнін өзге аудандарға апаратынбыз. Енді барлығы осында сақталатын болады.

Заманауи кешендегі жабдықтар мен қондырғылар Қытайдың FAMSUN компаниясына тиесілі. Мамандардың айтуынша, заман игіліктері астықты қабылдау мен өңдеу уақытын қысқартып, өнім сапасының төмендемеуіне мүмкіндік береді. Компанияның жергілікті серіктестіктерге ұсынары көп.

ДИЛАН НЕ, «FAMSUN Co., Ltd» компаниясының вице-президенті, ҚХР:
– Компания ауыл шаруашылығы, мал азығы және азық-түлік өнеркәсібіне арналған жабдықтар шығарады. Тауарларымызды әлемнің түкпір-түкпіріне экспорттаймыз. Біз салынатын кешендерді жобалаудан бастап оларды қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге, орнатуға, іске қосуға және техникалық қызмет көрсетуге дейінгі толық кешенді қызмет ұсынамыз. Болашақта Қазақстанда өз филиалымызды ашқымыз келеді.

Сонымен қатар, мұнда қауіпсіздік талаптары толықтай сақталған. Экологияға да зияны жоқ. Астық қабылдау орнында 10-нан астам адам еңбек етеді. Барлығы – аудан тұрғындары. Қазіргі таңда олар оқытудан өтуде.

ПАВЕЛ КУДЕЛЯ, астық қабылдау орнының шебері, Жамбыл ауданы:
– Қазір жұмыс процесімен танысып жатырмыз. Негізі, қолдың күші аса керек емес. Тек жүйені бақылап отырсаң болғаны. Алдағы уақытта ісіміз алға басады деген сенімдемін.

Айта кету керек, ауданда 3 астық қабылдау орны бар. Олардың жалпы сыйымдылығы 130 мың тоннаға жуықтайды.

Нурасыл Ахмет