Айғаным Сайлау – өсімдік атаулыға құмар қыз. Нәзіктікті, әдемілікті, хош иісті жаны сүйеді. Үйінде сұлулықтың символы саналатын гүлдің түр-түрі өседі. Оған жақындары жәрдемдеседі екен. Бүгінгі көрмеге өзіне ерекше ұнайтын гүлді алып келіпті.
АЙҒАНЫМ САЙЛАУ, көрме қатысушысы:
– Бүгін көрмеге қатысушылар түрлі гүлдер алып келді. Қазір қолымда – “Әйел бақыты” гүлі. Бұл гүлді ерекше ұнатамын, өте әдемі деп санаймын. Мен үйде әжеммен және анаммен бірге әр маусым сайын гүл егеміз.
Айғаным сияқты белсенді, еңбекқор жастардың басы “Таза Қазақстан” экологиялық бастамасы аясында ұйымдастырылған “Жасыл кеңсе” атты көрмеде қосылып отыр. Мұнда тек бөлме өсімдіктері қойылған. Барлығының жалпы саны 70-ке жуықтайды. Шара барысында қош иісті өсімдіктерді тамашалаған жандар арасында ойындар өтті. Тапсырмаларды дұрыс орындағандары өздеріне ұнаған гүлді сыйға алды.
ДАМИР АБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы:
– Бұл шараның басты мақсаты – жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру. Кейінгі буынды қоршаған ортаға ұқыпты әрі жауапкершілікпен қарауға тәрбиелегіміз келеді. Жастарымыз өз қолдарымен отырғызған гүлдерін қала тұрғындарына сыйлау арқылы адамдарды қуанышқа бөлегіміз келеді.
Көрмеге келген қала тұрғындарының қуанышы қойындарына сыймады. Жастарға алғыс білдірді. “Жасыл кеңсе” тұрғындарға шаттық сыйлаған әрі ұл-қыздардың мейірбан екенін дәлелдейтін бастама болды. Петропавлдық жастар “Таза Қазақстан” бағдарламасы аясындағы қызықты әрі пайдалы акцияларды жалғастыра бермек.
Жансая Дербисова