МТРА жаңалықтарыҚоғам

Петропавлда 150 жуық жас саябақты жинады

– ЖАННҰР БЕКТҰРҒАНОВА, тілші:
Бүгін Петропавлдағы Тұңғыш Президент саябағында тағы белсенді жастардың басы бірігіп отыр. Мұнда “Таза Қазақстан” тұжырымдамасы аясында “Eco Move Qyzyljar” экологиялық акциясы өтіп жатыр. Еріктілер табиғатқа қамқорлық танытып, саябақты қоқыс пен түскен жапырақтардан тазартуда.

“Eco Move Qyzyljar” акциясы жыл сайын өткізіледі. Басты ерекшелігі – петропавлдық және аудандық жастардың бір жерге жиналып, аумақты тазалауы. Бірлікке шақыратын бастамаға биыл 150-ге жуық қыз-жігіт қатысты. Шараның басты мақсаты – өңірдегі экологиялық мәдениетті дамыту, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды насихаттау және белсенді жастарды волонтерлік іске тарту. Акцияны облыстық және қалалық жастар ресурстық орталықтары ұйымдастырып отыр.

– ТИМУР ӘЛЖАНОВ, «СҚО жастар мәслихаты» ЖҚБ төрағасы:
ауд, “Табиғатқа қамқор болу – әр азаматтың міндеті. Бүгінгі таңда экологияға қатысты мәселелер өзекті болғандықтан, жастарды осындай игі іске жұмылдыру аса маңызды деп санаймыз. Мұндай шаралар жас буынның компьютер мен телефонға телміріп үйде отыра бермей, қаланың өміріне үлес қосу керектігін түсіну үшін де жасалады. Өйткені, қала – бұл біз, ал біз – бұл еліміз”.

Белсенділердің арасында М.Жұмабаев атындағы жоғары колледж студенттері де бар. Солардың бірі – Арам. Оның еріктілер қатарына қосылғанына біраз болды.

– АРАМ, қатысушы:
Өзім қаламыздың экологиясына қатысты ұйымдастырылатын шаралардың бәріне қатысуға тырысамын. Бүгін қалалықтардың барлығы серуендейтін, сүйікті саябағымызды ретке келтіріп, тазартып отырмыз. Біз осы қалада тұрамыз, бұл саябақ – қала өмірінің бір үлкен бөлігі. Егер тазалықты көргіміз келсе, оған ең алдымын өзіміз атсалысуымыз қажет, табиғатқа ұқыпты қарауымыз керек деп түсінемін.

Тазалық жұмыстарынан кейін ұйымдастырушылар қатысушылардың ынтасы мен еңбегі үшін қызықты ойындар, командалық тренингтер мен тимбилдинг бағдарламасын өткізді. Ал одан кейін жастарға арнап пикник ұйымдастырылды.

Жаннур Бектурганова