Биылғы жылдың шілде айынан бастап Петропавлда аутистік спектр бұзылысы бар балаларға арналған “LIFE CRAFTING” жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында қолға алынған. “Менің балам” қоғамдық бірлестігі 2017 жылы құрылған. Татьяна Ковалева сол жылдан бастап ұйымның басшысы, ұйымдастырушысы әрі оқытушысы болып қызмет етеді.
ТАТЬЯНА КОВАЛЕВА, «Менің балам» ҚБ басшысы:
– Орталықтағы сабақтар толықтай тегін болғанмен, сапаны сақтау үшін бір топтағы балалар саны алтаудан аспайды. Осыған орай ата-аналар үшін арнайы алдын ала жазылу жүйесі ұсынылған. Сабақтардың жиілігі үйірмеге қатысушылардың жалпы саны мен сұранысқа тікелей байланысты өзгереді. Жобаны одан әрі дамытудың нәтижесінде қаладағы мүмкіндігі шектеулі балалардың толыққанды өмір сүруіне жағдай жасалмақ.
“LIFE CRAFTING” жобасы “Менің балам” қоғамдық бірлестігі мен “Көмек” орталығында жүзеге асырылады. Мұнда балалар шығармашылықпен айналысып, спорттық қабілетін дамытады. Сондай-ақ, кесте тігу, жүннен, сабын мен гипстен түрлі заттар жасау және арт-терапия сабақтары бар. Музыкаға қызығатын балалар пианинода және барабанда ойнауды үйренеді. Орталыққа баратын балалардың ең кішісі – 5 жаста, ал үлкені – 18-де. Ең бастысы, жеткіншектер қатарластарымен араласып, қоғамға бейімделеді. Қос бірдей баласын осы орталыққа әкеліп жүрген қайсар аналардың бірі – Анастасия Григорьева-Яковлева.
АНАСТАСИЯ ГРИГОРЬЕВА-ЯКОВЛЕВА, ата-ана:
– Менің екі ерекше балам бар. Балаларымның диагнозын білгенде, шыны керек, күйзеліске түстім. Не істерімді, қайда барарымды білмедім. Балаларымды арнайы ақылы орталыққа апарып жүрдім. Тегін орталық барын естіген кезде мемлекет ерекше балаларға жіті назар аудара бастағанына қатты қуандым.
Орталықта 50 балаға 4 маман қызмет көрсетеді. Мамандар жыл соңына дейін тағы 50 баланы қамтуды жоспарлап отыр.
Аружан Султанова