ҰЛАН ЫДЫРЫС, тілші:
– Петропавлдағы түнгі клубтардың бірінде тағы да төбелес болды. Жанжалға қатысы бар жігіттер жай ғана жұдырық сермеумен шектелмеді. Жаға жыртысу кезінде суық қару қолданылған. Қолда бар деректерге сүйенсек, пышақ жарақатынан 2 адам зардап шеккен.
Жанжал барысы іштегі бейнебақылау камерасына жазылды. Өздеріңіз көріп тұрғандай, баспалдақ маңында тұрған жастар әуелі сөзге келеді, кейін бірі пышақ алып, өзіне қабақ шытқанға бірнеше рет сұғады. Артынша өзі жарақаттанды. Оған алғашқы зардап шегушінің танысы суық қаруды кеуде тұсына кіргізеді. Оқиға орнына тәртіп сақшылары 2 минут ішінде келген. Күдікті ұсталды. Ол бұрын да қылмыстық жауапкершілікке тартылған көрінеді.
СЕРІК ӘЛЖАНОВ, Петропавл қалалық ПБ бастығы:
– Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері 2 қылмыстық іс шеңберінде тергеу жүргізуде. Алдын ала анықталғандай, жастар арасында жанжал туындап, оның барысында қатысушылар пышақ жарақатын алған. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Күдіктілердің бірі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бізде бар мәліметтерге сүйенсек, жарақат алған 2 жігіт те қазіргі күні медициналық мекемеде ем алуда. Денсаулық жағдайлары беймәлім. Тергеу барысына қатысты басқа да мәліметтер әзірге жария етілмейді.
Улан Ыдырыс